Тікелей эфир

Мопедін жарты жыл ішінде тіркемегендерге шара қолданылады

Полицейлер алты ай бойы мопед жүргізушілеріне көлігін тіркеуге қою туралы түсіндіреді.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мопедін мемлекеттік тіркеуге қоймағандарға айыппұл салынатынын айтты. Бұл туралы Inform.kz хабарлады.

Бүгін Парламент сенатының жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы мен ілеспе құжат мақұлданды. Жалпы отырыстан кейін журналистер мопедтерді теркеуге қанша уақыт берілетінін сұрап білді. Игорь Лепеханың айтуынша, заңға Президент қол қойып, құжат алғаш ресми жарияланған күннен кейін 6 ай ішінде тіркеуге қою керек.

"Жарты жыл уақыт беріледі, яғни осы аралықта мемлекеттік тіркеуге қойып үлгеру керек. Қазір бір айдың ішінде тиісті құқықтық базаны, бұйрықтарды пысықтап шығамыз. Содан кейін тіркеуге қою туралы жариялаймыз. Берілген жарты жылда тіркеліп үлгермесе, бұл мопедтерді тоқтатып, айыптұраққа жеткіземіз. Оның иесі көлігін тіркегеннен кейін ғана тұрақтан алады", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Оның айтуынша, заң алғаш ресми жарияланған күннен бастап жарты жыл бойы полицейлер мопед жүргізушілеріне көлігін тіркеуге қою туралы түсіндіреді.

"Осы 6 айда мопедті тіркемей, нөмірсіз жүргендерге айыппұл салынады. Яғни нөмірсіз жолға шыққан автокөлік иелері сияқты жазаға тартылады", – деді Игорь Лепеха.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары