Мәжілісте Қазақстан мен Моңғолия арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл құжатқа сәйкес, Моңғолиядан келген қандастарға зейнетақы тағайындағанда тек еңбек өтілі ғана емес, сонымен бірге әскери қызмет мерзімі, оқу кезеңі және өзге де арнайы даярлық уақыты да есепке алынатын болады.
Құжат екі ел азаматтарының басқа мемлекетке қоныс аударған кезінде еңбек өтілін өзара тану және есептеу тәртібін белгілейді. Бұл өз кезегінде ынтымақтастық және базалық зейнетақыларды тағайындау кезінде, сондай-ақ тұрғылықты жерін ауыстырғандарға жинақтаушы зейнетақы төлемдерін алу үшін еңбек өтілін есепке алуға мүмкіндік жасайды. Келісім Қазақстандағы еңбек сіңірген жылдар үшін берілетін зейнетақыларға және Моңғолиядағы әскери қызметкерлердің зейнетақысына әсер етпейді. Төлемдер азамат тұрақты тұратын елдің заңнамасына сәйкес тағайындалады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Виктория Шегай Мәжілістің пленарлық отырысында ведомство шекаралас елдермен, бұрынғы КСРО құрамындағы мемлекеттермен және қазақстандық еңбек мигранттары көп баратын елдермен осындай келісімдер жасасу мүмкіндігін зерттеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, Моңғолия келісімге дайын екенін ресми растаған, алайда басқа мемлекеттерден әзірге мұндай ұсыныстар түспеген.
"Қазақстанда Моңғолиядан тұрақты тұру үшін келген шамамен 6 600 азамат бар, олардың 6 100-і – этникалық репатрианттар. Министрліктің ақпараттық жүйелері бойынша тарихи отанына оралған шамамен 1 800 адамға зейнетақы тағайындалған. Келісімді енгізу шамамен 400 адамның еңбек өтілін қайта есептеуді қажет етеді. Бұған республикалық бюджеттен қосымша қаражат талап етілмейді, себебі қажетті шығындар бұған дейін қарастырылған", – деді вице-министр.
Оқи отырыңыз: 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегі белгіленді
Шегайдың айтуынша, келісім Қазақстанға оралған қандастар үшін есептелетін еңбек өтілі түрлерін кеңейтеді. Еңбек қызметінен бөлек, әскери борышын өтеу кезеңі, жоғары және арнайы техникалық оқу орындарында білім алу мерзімдері де енгізіледі. Бұл зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілін толық қамтуға мүмкіндік береді.
Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары заң жобасын қолдап, Сенатқа жолдады.
USD:
519.7 / 522.3
EUR:
603.0 / 608.0
RUB:
6.53 / 6.67