Кәсіпкер, Kaspi.kz басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе Астананың "Жеңіс" футбол клубын жекешелендіріп алды. Бұл туралы футбол клубының ресми сайтында хабарланды.
Бұған дейін Михаил әлемдік деңгейдегі футбол академиясын құру жоспары туралы хабарлаған болатын. Бүгін академияның Астанадағы "Жеңіс" ФК базасында салынатыны, онда жас таланттар халықаралық стандарттар бойынша тегін жаттыға алатыны белгілі болды. Михаил Ломтадзе, Kaspi.kz басшысы және тең құрылтайшысы:
"Менің арманым – Қазақстанда және Англияда ең талантты жас футболшылар, болашақ жұлдыздар тәрбиеленетін әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру. Оқыту толығымен тегін болады. Жас спортшылар еліміздің және футболдың отаны – Англияның жетекші мамандарымен жаттығуға мүмкіндік алады. Футбол – көптеген елдерде мақтаныш көзі болып табылатын, ең көпшілікті қамтитын және тартымды спорт түрі. Заманауи технологиялардың көмегімен біз қазақстандық футболды жаңа деңгейге көтеріп, әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелей аламыз деп сенемін", – деді Михаил Ломтадзе.
"Жеңіс" футбол клубының бас директоры Айдын Қожахметтің айтуынша Михаил Ломтадзе сияқты инвестордың келуі – клубтың дамуы үшін үлкен мүмкіндік.
"Біз футболдың болашағы балалардан, инфрақұрылымнан және заманауи әдістемелерден басталатынын бәріміз түсінеміз. "Жеңістің" бай тарихы бар, және біз бірлесе отырып, клубтың бұрынғы даңқын қайтара алатынымызға және бүкіл қазақстандық футболдың жарқын болашағына үлес қоса алатынымызға сенімдіміз", – деді ол.
Айта кетейік, "Жеңіс" клубы – 1964 жылы құрылған және Қазақстанның ең көне әрі титулды футбол клубтарының бірі. Өз тарихында клуб үш рет Қазақстан чемпионы (2000, 2001, 2006 жылдар) және үш рет ел Кубогының жеңімпазы (2001, 2002, 2005 жылдар) атанған.
Оқи отырыңыз:
Қазақстандық футбол клубтарын жекешелендіруге кімдер қызығушылық танытып отыр
Танымал футболшы әрі бапкер Фабио Каннаваро енді Өзбекстан құрамасын жаттықтырады
USD:
505.9 / 508.9
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59