Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтіп, оның аясында "Менің атым Қожа" кітабының француз тіліне аударылған нұсқасының тұсауы кесілді, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Конференцияға қатысушылар Бердібек Соқпақбаев кітабының аудармасы француз оқырмандарына қазақ мәдениетін танытып, Қазақстан халқының бай дәстүрлері мен құндылықтарын ашатынына сенім білдірді.
"Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығының ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілуі оның әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді. 1952 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған қаламгер көзі тірісінде-ақ қазақ балалар әдебиетінің классигі ретінде танылды. Балалардың ғана емес, ересектердің де сүйікті жазушысына айналған оның шығармашылығы ұрпақ тәрбиесінде әлі күнге өзектілігін жоймай келеді", – делінген министрліктің хабарламасында.
Қазақстан ЮНЕСКО-ға іс-шараны ұйымдастырудағы қолдауы үшін алғыс білдіріп, қазақ халқының мұрасын халықаралық аренада насихаттайтын мәдени іс-шаралардың маңызын атап өтті.