"Мен қазақтың жиенімін". Қырғыз президенті Садыр Жапаров екі халықты бір-біріне қарсы қоятындарды сынға алды

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Ондайлар екі елдің де ішінде бар, деді қырғыз басшысы.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қоғамда Кенесары ханның өліміне қатысты түрлі жікшілдік тудыратын пікірлердің өршуіне байланысты Facebook желісінде пост жазып, екі халықты бір-біріне қарсы қоюды көздеген бір күш пайда болғанын айтты. 

"Ондайлар екі елдің де ішінде бар. Олар тарихи деректер мен шежіре-аңыздарды қолдарынан келгенше бұрмалап, қырғыздар сыртқы күштермен бірігіп қазақтарға қарсы әрекет етті деген секілді қисынсыз қорытындылар жасап, бүтін бір халыққа тіл тигізіп, отқа май құйғандай, осы тақырыпты өздеріне тиімді жақтан қозғап жүр. Тарихта қырғыздар ешқашан бірінші болып шабуыл жасамаған. Көшпенді, жауынгер замандардан бері қаншама уақыт өтті", – деді Садыр Жапаров.


Оқи отырыңыз:


Бұл ретте қырғыз басшысы қазақ пен қырғыз халқын ғасырлардан келе жатқан туыстық, құда-жекжаттық татулық байланыстыратынын айта келе, өзінің де қазақтарға туыстық қатысы бар екенін айтты. 

"Менің төртінші атам Солтонқұлдың бәйбішесі Нооча әжем – қазақ қызы болған, демек мен бір жағынан қазақтың жиенімін. Қазақ халқының ішінде де бізге туыстық жағынан жиендер көп", – деді қырғыз президенті. 

Айта кетейік, даулы пікірлер қазақ ханы Кенесарыны Қырғыздың Ормон ханының өлтіруімен байланысты. 

"Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы шыққаны дау туғызбайды. Ол – нағыз батыр болған! Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды. Қанды оқиғалардың алдында Кенесары хан мен Ормон ханның арасындағы келіссөздердің мазмұны, Шу өңіріндегі бірнеше мәрте қазақ-қырғыз шайқастары, Ормон ханның әскери айлакерлік танытып ("Ормон опуза") Кенесары бастаған қосынды жеңгені – соған дәлел. Басқаша айтқанда, Ормон хан дала мен таудың нағыз ерлеріниң шайқасында бетпе-бет келіп, дұшпанын шынайы жеңген. Қиянат жасаған жоқ", – деді бұл туралы Садыр Жапаров. 

Қырғыз басшысының бұл оқиға туралы толық сөзін осы жерден оқуға болады. 

Серіктестер жаңалықтары