Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырысы жалғасуда. Бүгін сот сотталушылар Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановтың телефондарын тексеруді бастады.
Прокурордың айтуынша, Байжановтың телефонындағы фотоальбом Бишімбаевтың екі видеосынан басталады. Белгілі болғандай, бейнебаянды Байжанов түсірген.
"Бұл Бишімбаевтың өсиеті, полицияның келіп үлгерсін деп уақытты әдейісоздым, өйткені ол (Бишімбаев. – Автор) өзін өлтірмек болды", – деді Бақытжан Байжанов.
Қуандық Бишімбаев алдымен бұл видеоның есінде жоқ екенін және не айтылып жатқанын түсінбейтінін мәлімдеді. Прокурор Бишімбаевтың барлық мүлкін балалары мен бұрынғы әйелі Назым Қаһарманға қалдыратынын айтқан бейнежазбаны қосты.
"Барлық дүние-мүлкімді, банктегі есепшотымды балаларыма, Назымға беремін. Ол менің балаларымды асырасын. Мен оны Әл-Искендір, Мансұр, Кәрім, Рания, Назымға қалдырамын", - деді Бишімбаев.
Бейнежазба сотта зерттеліп болған соң Қуандық Бишімбаев оны Байжанов екеуінің қалай түсіргені есіне түскенін айтты. Экс-министрдің сөзіне қарағанда, ол кезде ол бұдан әрі не боларын білмеген, сондықтан балаларына қамқорлық жасауды сұрап, осындай хабарлама қалдыруды жөн көрген.
Айыпталушының адвокаттары бұл бейне өсиет Бишімбаевтың Нүкенованың қайтыс болғанын білгеннен кейін өз-өзіне қол жұмсау ниетінің шынайылығын дәлелдейтінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Бишімбаев баланы қағып кетті ме? ІІМ тексерудің алдын ала қорытындысын жариялады
Бұған дейін сотта Бақытжан Байжанов өз куәлігінде дәрігерлер Салтанат Нүкенованың өлімін растағаннан кейін Қуандық Бишімбаевтың пышақ алып, өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын, бірақ оны ұстап қалудың сәті түскенін айтқан.