Тікелей эфир

Мемлекеттік органдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша үйлестіру күшейтілуде

Биылғы 9 қазанда Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте ұялы байланыс қызметтеріне, интернет провайдерлеріне тарифтерді көтеру, рекреациялық, туристік, қонақ үй бизнесі субъектілерінің тұтынушылардың құқықтарын бұзуы мәселелері талқыланды. Кеңестің IV отырысы сауда вице-министрі Қайрат Балықбаевтың төрағалығымен мемлекеттік органдар, "Атамекен" ҰКП және Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы басшыларының қатысуымен өтті.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы Асқар Тынысбеков өз баяндамасында аталған салалардағы тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерінің саны артқанын хабарлады. 2021-2022 жылдармен салыстырғанда телекоммуникация саласында өтініштер саны 2,5 есеге көбейген.

Тәуелсіз социологиялық зерттеу нәтижелері бойынша 10 мың адамның 33,3 пайызы интернет провайдерлерінің қызметтеріне наразылығын білдіреді. Байланыс қызметтерін көрсету заңы мен ережелерінің талаптарын байланыс операторлары елемейді, бұл халық тарапынан үлкен наразылық туғызады және жедел де жүйелі шешімді талап етеді.

Асқар Тынысбеков тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдарды үйлестіру жөніндегі уәкіл ретінде Цифрлық даму министрлігіне тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.

Сонымен қатар, демалыс базаларында демалушылардан көптеген шағымдардың түсуі, осы мәселенің бірыңғай ұстанымы және құқықтық регламентінің болмауына байланысты аталған мәселені Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің бастамасы бойынша, Туризм комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұртас Кәріпбаев есеп берді. Осы мәселені талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті тұлғаларға тиісті ұсыныстар айтылды.

Ведомство басшысының ұсынған мәліметтері бойынша, жыл сайын тұтынушылардың өтініштерінің саны 20 пайызға артады. Егер уәкілетті органға 2020 жылы 21 мың өтініш түссе, 2022 жылы тұтынушылардың келіп түскен шағымдарының саны 30,2 мың өтінішке дейін ұлғайды.

Тұтынушылардың үлес салмағы бойынша шағымдарының ең көп саны бөлшек сауда саласында – 14,3 мың, тұрмыстық қызмет көрсету саласында – 4,7 мың, электрондық сауда саласында – 2,6 мың өтініш тіркелген.

Ал ең үлкен өсім қоғамдық тамақтандыру объектілерінде қызмет көрсету – 2,8 есе, көлік және байланыс қызметтері – 2,5 есе, медициналық қызметтер саласында – 2 есе болды.

"Алайда, аталған фактілер тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы істердің нақты жай-күйін көрсетпейді, өйткені барлық тұтынушылар бұзылған құқықтарды қорғау үшін мемлекеттік органдар мен тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне жүгінбейді", – деп атап өтті ведомство басшысы.

Баяндаманың басында тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы жаңа заң жобасының негізгі аспектілері таныстырылды.

Атап айтқанда, бұл тұтынушылардың шағымдарын қараудың көп сатылы жүйесін дебюрократизациялау, кәсіпкердің тұтынушының пайдасына азаматтық-құқықтық жауапкершілігі, Заңның мәртебесін және тұтыну салаларындағы мемлекеттік органдарды салааралық үйлестіруді күшейту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша Омбудсмен институтын енгізу, электрондық сауданы тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормаларын оның бетпе-бет нысанымен синхрондау.

"Атамекен" ҰКП Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова, Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығының және қоғамдық тамақтану қауымдастығының басшылары өз пікірлерін білдірді.

Отырыс қорытындысы бойынша сауда вице-министрі Қайрат Балықбаев Туризм және спорт министрлігіне, Техникалық реттеу және метрология комитетіне ұлттық стандарттарды оңтайлы мерзімде әзірлеп және оларды рекреациялық, туристік, қонақ үй бизнесі салаларында қолдануды енгізуге ұсыныстар берді. Телекоммуникация комитетіне интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшеу үшін тиісті жабдықтарға өңіраралық байланыс инспекцияларын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау ұсынылды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары