Мәжілісте республикалық бюджеттің атқарылуына жүргізілген аудит қорытындылары талқыланды. Отырыста депутат Дәулет Мұқаев мемлекет қаржыландырған фильмдердің басым бөлігі өзін ақтамай отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылғаннан бері кино саласына республикалық бюджеттен 30 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда осы уақытқа дейін мемлекетке кері қайтарылған қаржы көлемі небәрі 1,5–3 пайызды ғана құраған.
"Мемлекет қаржыландырған көптеген фильм прокатқа шықпай, архивте қалып қойған", – деді депутат.
Мұқаевтың мәліметінше, 2025 жылы 6 көркем фильм, 5 деректі фильм, 5 анимациялық жоба және бірқатар дебюттік жұмыстар өндіріле бастаған. Осыған байланысты ол бұл жобалардың көрерменге қашан ұсынылатынын және неге мемлекеттік фильмдердің коммерциялық тұрғыдан табысты емес екенін сұрады.
Сауалға Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Қанат Жұмабайұлы жауап берді. Оның айтуынша, былтыр басталған 16 жоба келесі жылы прокатқа шығады.
"Бұл жобалар архивте қалып қоймайды. Олар кинотеатрларда көрсетіледі немесе фестивальдерге қатысады. Халық оларды көреді", – деді ол.
Ведомство өкілінің сөзінше, мемлекеттік қаржыландыру алған фильмдер жұмсалған қаражаттың кемінде 20 пайызын қайтаруға тиіс. Дегенмен фильмдерді іріктеу кезінде коммерциялық табыстан бұрын олардың идеологиялық және тәрбиелік маңызына басымдық беріледі.
"Мемлекеттің киноға қаржы бөлуіндегі негізгі мақсат – пайда табу емес. Кино ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, патриотизмді насихаттайтын маңызды идеологиялық құрал", – деді Қанат Жұмабайұлы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы мемлекеттік қолдаумен түсірілген фильмдердің жалпы кассалық түсімі 1,2 млрд теңгені құраған. Оның басым бөлігі Қайтадан фильміне тиесілі.