Тікелей эфир

Мемлекет отандық ғалымдарға Сингапурде білім алуға көмектеседі

Бұл туралы ол ғалымдармен кездесуі кезінде айтты.

Мемлекет басшысы әрдайым шетелдік мамандарды қазақстандық ғалымдармен байланыс орнатуға шақыратынын айтты. Мұнымен қатар ол елде ғалымдарға қандай жағдай жасалатынына тоқталды. 

"Өздеріңізге мәлім, ғылымға бөлінетін қаржы ұдайы артып келеді. Білікті кадрлар әзірлеуге арналған грант саны соңғы жылдары бір жарым есе көбейді. Қазақстанда әлемнің беделді 12 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істеп тұр. Көп ұзамай тағы бірнешеуі ашылады. Зерттеу жұмыстарымен айналысатын университеттер көбеюде. Технология парктері және инжиниринг орталықтары ашылып жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Мұның бәрі ғылымды дамытуға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мұнымен қатар ол отандық ғалымдардың Сингапурде білім алуына жағдай жасалатынына тоқталды. 

"Мен шетелге сапарларым кезінде ғалымдармен жиі кездесемін. Оларды қазақ ғалымдарымен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Өткен аптада сингапурлық ғалымдармен және ондағы жоғары оқу орындарының ректорларымен арнайы жүздестім. Енді Сингапурда ғылыми кадрларымызды оқытатын болдық. Жалпы, Сингапур сияқты экономикасы озық елдерден көп нәрсе үйренуге болады. Постиндустриалды дәуірде әлемге ашық болу және инновацияға ұмтылу кез келген елдің табысқа жетуі үшін аса маңызды фактор саналады. Сондықтан үздік халықаралық тәжірибені мұқият зерттейміз және одан үлгі аламыз. Озық технологиялар мен идеяларды енгіземіз", – деп қосты президент. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары