Тікелей эфир

Мемлекет басшысы: Алматы бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс

Президент қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек екенін еске салды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы тұрғын үйлердің тығыз салуы жұрт наразылығын тудырып отырғанына назар аударды.  

"Жұрттың наразылығын тудыратын тағы бір маңызды мәселе – үйлердің тығыз салынуы. Осындай құрылыстар және жолдардың ыңғайсыз салынуы көп қолайсыздық тудырып отыр. Алматы заманауи урбанистика талаптарына сай болуы керек. Қаламыз бетоннан салынған орманға айналмауға тиіс", – деді президент.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді


Мемлекет басшысының аутынша, қалада Алатаудың самалы еркін есуі қажет. Бұл қаланың экологиясы үшін өте маңызды.

"Қала салу кезінде құрылыс компанияларының емес, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі ескерілуі керек. Заңдарымызда бұл жағдай нақты реттелмеген. Үкіметке әкімдікпен бірлесіп, осы мәселені пысықтап, заңға тиісті түзетулер әзірлеуді тапсырамын. Мұның бәрі Алматыны мейлінше жайлы, қолайлы қала ретінде одан әрі дамыту үшін қажет. Шаһарда Ботаникалық бақ сияқты қоғамдық орындар көп болуға тиіс. Кейбір аудандарда осындай нысандар мүлдем жоқ. Қала әкімдігі осы ахуалды түбегейлі өзгертуді көздеп отыр. Жұрттың демалуына арналған бес орталық салу жоспарда бар. Мен мұны толық қолдаймын. Бірақ, жұмысты сапалы орындау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Серіктестер жаңалықтары