Жамбыл облысында мектеп оқушыларын үрейде ұстаған 22 жастағы жігіт қамауға алынды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Күдіктіге 10-шы сынып оқушысын суицидке итермеледі деген айып тағылған. Жылы жабылған істі жіті тексерген прокурорлар, ауыл жастары арасында жазылмаған «түрме заңы» болғанын анықтапты.
Тергеу дерегінше, Тастөбе ауылында қылмыс әлемін дәріптеудің дәурені жүргені белгілі болды. Басты күдікті осы ауылдағы ұстаздың баласы екен. Оның сыбайласы ретінде 10-шы мен 11-ші сыныптың екі оқушысы ұсталған. Олар әлімжеттік көрсету арқылы мектеп оқушыларын үй салуға мәжбүрлеген. Тыңдамағанын таяқтап отырған. Бір қызығы бұл жайында учаскелік полиция мен білім ошағының әкімшілігі білгенімен еш әрекет етпеген. Салдарынан қорлыққа шыдамаған бір жеткіншек сәуір айында өз-өзіне қол жұмсаған екен.
Осылайша, толық емес отбасындағы тұрмыстық ахуал деп жабылған іс қайта тергеуге алынды. Айта кетейік, жеткіншек өліміне тек мектеп психологы кінәлі деп танылып, жұмыстан қуылған еді. Ал учаскелік полицей мен мектеп директоры уақытша қызметінен шеттетіліп, жаңа оқу жылында жұмысын қайта жалғастырған.
"22 жастағы ауыл тұрғыны суицидке итермеледі деген күдікке ілініп, екі айға қамалды. Сонымен қатар қылмыс жасауға көмектескен 10 және 11 сыныптың екі оқушысы да күдікті деп танылып отыр. Осылайша, тергеу қорытындысына сәйкес үш тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды", – делінген Жамбыл облыстық прокуратурасының хабарламасында.
USD:
506.1 / 508.9
EUR:
590.5 / 595.5
RUB:
6.51 / 6.63