Тікелей эфир

Мектеп кітапханаларындағы әдебиет қоры 4 есеге жуық артады

Қазіргі таңда аталған кітапхана қорында 41 млн дана әдебиет бар.

Қазақстандық оқушыларды кітап оқуға баулу мақсатында мектеп кітапханаларындағы көркем әдебиет қорын 143 миллионға, ал олардың оқырмандарының саны 1 миллионға дейін жеткізу мақсаты қойылып отыр. Бұл туралы үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында атап өтті. 

Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін мектеп кітапханаларының негізгі қорын толтыруға жыл сайын 4 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Бұл ретте мектеп кітапханалары сатып алуы тиіс әдебиеттер тізімі жасақталып қойған. Тізіммен edu.bookfund.gov.kz ақпараттық жүйесінде танысуға болады. 1770 тармақтан тұратын бұл тізімдегі әдебиеттердің басым бөлігін (74,9%) ұлттық әдебиет құрайды. 

"Балалар кітапханасы» бағдарламасы шеңберінде 1770 атаудан тұратын білім алушыларға ұсынылатын әдебиеттер тізімі бекітілді. Тізімге қазақ әдебиетінің барлық кезеңдері, сондай-ақ барлық әдеби жанрлар (балалар әдебиеті, поэзия, проза, драматургия, ғылыми-танымдық әдебиет, көркем публицистика, көркем аудармалар, ұлттық фольклордың барлық түрлері: ертегілер, аңыздар, поэмалар, айтыстар), ұлттық әдебиеттің (74,9%) және әлемдік әдебиеттің (25,1%) үздік туындылары кірді. Ол жыл сайын отандық және әлемдік әдебиеттің жаңа үздік шығармаларымен толықтырылады", – делінген үкімет басшысы орынбасарының жауабында.


Оқи отырыңыз:


Сондай-ақ, Серік Жұманғарин шағын қалалардағы, аудан орталықтарындағы және ауылдардағы мектеп кітапханаларын жаңғырту жұмыстарына да тоқталды. Оның сөзінше, әзірленген жол картасы аясында 2577 мектеп кітапханасы жаңартылса, жыл соңына дейін тағы 670 мектеп кітапханасындағы жұмыстар аяқталуы тиіс. Жалпы, 2025 жыл соңына дейін 5 мың мектеп кітапханасын жаңғырту жұмыстары жоспарланған. 

Серіктестер жаңалықтары