Тікелей эфир

Меккеге қажылыққа барған 1175 қазақстандық алғашқы медициналық көмек алған

Биыл елімізден 5081 қажы парыз құлшылығын өтеді.

20 маусым күні Мекке қаласында Қазақстан қажылық миссиясының қорытынды жиналысы өтті, деп хабарлады ҚМДБ.

Басқосуда наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы миссия мүшелеріне ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, ұлы сапарда атқарған жұмыстарын жоғары бағалады. Бұдан кейін миссияның уағыз-насихат бағытына жауапты Нұрбек Әуесханұлы соңғы аптада қажыларға түрлі тақырыптарда 500-ге жуық уағыз айтылғанын атап өтті. Ал пәтуаға жауапты Медет Құрмашұлы қажылардың 978 сұрағына жауап берілгенін жеткізді. Сондай-ақ жиналыста миссия жанындағы медициналық орталықтың жұмысы туралы айтты. Дәрігерлер тобының жетекешісі Ардақ Айтбайұлы 1175 қажыға түрлі деңгейде алғашқы медициналық көмек көрсетілгенін баяндады.

Жиын барысында қажылық миссиясының жұмысын жетілдіруге қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Сондай-ақ наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы Қажылық миссиясының Мекке қаласында ашылған жұмыс кеңсесінде бес бағыт, яғни уағыз-насихат, алғашқы медициналық көмек, ұйымдастыру-үйлестіру, пәтуа беру, ақпарат тарату бойынша белсенді жұмыс істеген қызметкерлерге алғысын білдірді.

Айта кетейік, биыл елімізден 5081 қажы парыз құлшылығын өтеді. Бүгін қазақстандықтарың алғашқы легі Джидда-Алматы бағытымен елге орала бастайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары