Мәслихат депутаттары 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджетке енгізілген түзетулерді қолдады

Бүгін Алматы қаласында мәслихаттың XXXVIII сессиясы өтіп, мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін маңызды мәселелер талқыланды.

Жиын барысында депутаттар жыл соңындағы көрсеткіштер негізінде қала бюджетіне енгізілетін өзгерістерді мақұлдады.

Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов атап өткендей, бюджетті нақтылау жыл бойғы жұмыс нәтижелерін саралап, қаражатты тиімді бөлуге мүмкіндік беретін соңғы кезең. Бағдарламалардың әкімшілері ұсынған барлық шығыс баптары салалық комиссияларда жан-жақты қаралып, келісілген.

Түзету жобасы үнемделген қаражат пен келесі жылға ауыстырылатын іс-шаралар есебінен шығыстарды оңтайландыруды көздейді. Қаражат тек орындалған жұмыстарды растайтын актілер негізінде игеріледі, бұл өз кезегінде жобалардың сапалы орындалуына жол ашады. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға, "Құрамыс" шағынауданында салынып жатқан емхананы 2026 жылы тамызда толық аяқтауға, "Рахат-Мәдениет" және "Боралдай" шағынаудандарындағы жол құрылысына, сондай-ақ қала тұрғындары үшін қоғамдық көліктің қолжетімділігін сақтау мақсатында тасымалдаушыларды субсидиялауға қосымша қаражат бағытталмақ.

Сессияда көтерілген маңызды мәселелердің бірі "Алматы жастары" бағдарламасын нормативтік тұрғыда бекіту. 2017 жылдан бері бұл бағдарлама арқылы 8,2 мыңнан астам алматылық жас жеңілдетілген несие алып, баспаналы болды. Енді мәслихат шешімі бағдарламаның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жүзеге асуына жол ашып, жас мамандарды қолдау тетіктерін одан әрі күшейтеді.

Сонымен қатар, жиында Алматы қаласы әкімдігінің дербес құрамына енгізілетін өзгерістер, Алматы қаласы бойынша Ревизиялық комиссия туралы Ережеге түзетулер, мемлекеттік қызметтің «Б» корпусы (D-1, D-2 санаттары) лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптары қаралып, Ревизиялық комиссия мүшесін қызметінен босату мәселесі қаралды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары