Қазақстандықтар өткен жылы сұлулық саласы қызметтеріне 127,3 млрд теңге жұмсаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең көп сұраныс шаш күтімі мен шаштараз қызметтеріне тиесілі, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Сұлулық салондарының өкілдері соңғы жылдары клиенттер саны айтарлықтай артқанын айтады. Олардың сөзінше, қыз-келіншектер ай сайын тұрақты түрде маникюр, педикюр, шаш қию және шаш бояу қызметтеріне жүгінеді. Сонымен қатар, ер адамдардың да сыртқы келбетіне күтім жасауға қызығушылығы артқан.
Статистикаға сәйкес, өткен жылы:
- шаштараз қызметтеріне – 67,5 млрд теңге;
- маникюр мен педикюрді қамтитын косметикалық қызметтерге – 7,5 млрд теңге;
- сұлулық салондарының өзге қызметтеріне – 52,3 млрд теңге жұмсалған.
Сұлулық индустриясының дамуы ірі қалалармен шектелмейді. 2025 жылы ауылдық жерлердегі шаштараз қызметтерінің көлемі бір жылда 4,2%-ға өсіп, 34,3 млрд теңгеге жеткен.
Мамандардың айтуынша, сұраныстың артуымен бірге қызмет бағасы да қымбаттап келеді. Әсіресе, маникюр мен басқа да күтім қызметтерінің құны соңғы жылдары айтарлықтай өскен.