
Маңғыстаулық жиһанкез Рәббім Борашев "Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы" мәдени жылының аясында түркі мемлекеттерін велосипедпен аралауға шықты, деп хабарлады Оtpannews.kz.
Жиһанкез Ашхабад, Қоңырат, Хиуа, Үргеніш, Самарқан, Ташкент, Түркістан, Тараз, Бішкек, Алматы қалаларын аралап, 4500 шақырымды жүріп өтпек.
"Ақтау қаласы күллі түркі әлемінің мәдени астанасы атанып жатыр. Осыған орай, Париждегі сапарым секілді түркі елдерінің ынтымақтастығын, бірлігін көрсету мақсатында жолға шықтым. Түркі мемлекеттерінің бірлігі бекемдей бергей, ақ жол тілеген халыққа алғысым шексіз", – деді Рәббім Борашев.

Велошабандозды өңір тұрғындары теңіз жағалауында салтанатты түрде шығарып салды. Іс-шараға Бейнеу ауданының әкімі Рахымжан Шалбаев қатысып, сәтті сапар тіледі.
"Халықаралық іс-шара аясында басталған Рәббім Борашевтың сапары сәтті болсын! Облысымызға қонақ болып келген түркі елдерінің құрметтілері ағамызға қол-ұшын созып, көмектесіп отырса дейміз. Аман-есен елге оралуыңызға тілектеспіз", – деді Рахымжан Шалбаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық саяхатшы Өскеменнен Бейжіңге 2 айда жаяу жетті