Тікелей эфир

Маңғыстауға бөлінген мемлекеттік білім гранттарының төрттен үші игерілмеген

Президент өңірдің жоғары оқу орындары мен құзырлы министрлікті сынға алды.

Маңғыстау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге бөлінген гранттардың тек төрттен бірі ғана игерілгенін айтты. 

“Өңірге қажетті кәсіби кадрларды даярлау ісіне баса назар аударған жөн. Мемлекет жыл сайын білім грантының санын көбейтіп жатыр. Биыл жоғары оқу орындарына 73 мың грант берілді. Бұған қоса мен батыс облыстарының түлектері үшін қосымша 10 мың грант бөлуді тапсырдым. Соның 6 мыңы Маңғыстауға берілді. Бірақ бұл гранттың төрттен бірі ғана игерілген. Бұл – түсініксіз жағдай", – деді мемлекет басшысы. 

Президент облыста білікті мамандарға деген сұраныс өте жоғары екенін айтып, бұл істе жоғары оқу орындары мен құзырлы министрлік (Ғылым және жоғары білім министрлігі – ред.) кәсіби бағдар беру жұмыстарын ойдағыдай атқармай отырғанын сынға алды. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет


"Түлектерге және ата-аналарға қосымша грант бөлінгені туралы толық ақпарат жетпей жатады. Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы білім беру гранттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырамын. Аймақта жастардың грантпен білім алуы, маман тапшылығы, түптеп келгенде облыстың дамуы – бәрі өзара тығыз байланысты мәселе. Сондықтан, облыс әкімі бұл мәселені мұқият қарастыруы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Серіктестер жаңалықтары