
Маңғыстау облысындағы әйгілі "Бозжыра" шатқалында жаңа туристік жобаның іргетасы қаланды. Жобада туристерге арналған орталық, этно-кафе және 17 глэмпинг павильоны мен 50 қонақүй бөлмесі бар кешен қарастырылған, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл нысанның өңір үшін маңызды екенін айтты, себебі ол жергілікті тұрғындардың да табыс табуына мүмкіндік береді.
"Біз бұл өңірді ұлттық болмысын жоғалтпай, заманауи туристік орталыққа айналдыруды көздейміз. Бұл жоба тек туристерге қолайлы жағдай жасаумен шектелмейді, жергілікті тұрғындардың да табыс табуына мүмкіндік береді. Олар ауылшаруашылық өнімдерін саудалап, қызмет көрсету саласына араласа алады. Осылайша, жобаның өңірлік экономикаға оң ықпал етуіне сеніміміз мол", – деді өңір басшысы.
Кешен құрылысы отандық "Pana Asia" ЖШС-нің жеке инвестициясы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Жоба жетекшісі Сәуле Жанабаеваның айтуынша, визит-орталық барлық экологиялық талаптарға сай жобаланған. Онда биологиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптау, күн сәулесімен қуат алу секілді шешімдер қарастырылған. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге де баса назар аударылады.
Визит-орталық 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ шатқалға апарар жол бойында қоғамдық тамақтану орны, демалыс аймағы мен ақпараттық тақталар орнатылады. Бұл кешен 2026 жылы пайдалануға берілмек.