Қазақстандықтардың жыл сайын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударған қаражатының жартысы қайтарыла ма? Бұл сауалға үкімет куларында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният жауап берді.
"Бастапқыда МӘМС енгізілген кезде оның міндетті және ынтымақты жүйе екені заңда анық көрсетілген. Сондықтан қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаражатты қайтару мүмкін емес. Егер әркім өз аударымдарын қайтарып алатын болса, шоттағы қаражат жеткіліксіз болады. Мыселен, 300-500 мың теңге жалақы алатын адам жылына қорға шамамен 130 мың теңге аударады. Оған бүгін медициналық көмек қажет болмауы мүмкін, бірақ келесі жылы 1 млн теңгенің көмегі қажет болып қалатын шығар. Мысалы, миокард инфаркті кезіндегі жіті коронарлық синдром – коронарофияны емдеу құны 1,2-1,5 млн теңге тұрады. Сондықтан бұл жүйе бастапқыда ауруға – сау адам, кедейге бай төлейтіндей етіп жасалған", – деді министр.
Бұл ретте министр МӘМС аясында денсаулық сақтау жүйесіне қосымша қаражат, инвестиция келгенін атап өтті.
"Бұл бізге медицинамызды дамытуға мүмкіндік берді. Жаңа технологиялар пайда болды. Медициналық көмек қолжетімді бола түсті. Адамдар оңалту көмегін алады, бұрын ол тек белгілі бір аурулармен шектелетін. Енді тіпті біздің азаматтар санаторийлерде медициналық оңалту ала алады. Қымбат көмек қол жетімді болды. 2 миллионға жуық адам тегін дәрі-дәрмек алса, қазір олардың саны 4 миллионға жетті. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыруды енгізудің арқасында бүгінде халықтың денсаулығын жақсарттық", – деді Ажар Ғиният.
Оқи отырыңыз: "Бұл – тексерудің басы ғана": МӘМС бойынша 52 мың жалған қызмет көрсетілген
Еске салайық, мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пен денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың атына сауал жолдаған еді. Онда депутат МӘМС қызметінің тиімсіз екенін алға тартып, қазақстандықтардың жыл сайын қорға аударған қаражатының жартысын қайтарып беру тетігін енгізуді сұраған еді.