Тікелей эфир

Малайзия астанасында Азия елдеріндегі қазақтар құрылтайы өтті

Оған Малайзия, Корея, Сингапур елдерінен 100-ге жуық қандастар қатысты.

Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың мәдени, экономикалық және рухани ынтымақтастығын нығайту мақсатында өткен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың тұңғыш құрылтайы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтті, деп хабарлады "Отандастар" қорының баспасөз қызметі

Құрылтайға Малайзия, Корея, Сингапур елдерінен 100-ге жуық қандастар қатысты. Құрылтайдың ашылуында Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болат Сүгірбаев, "Отандастар қорының" президенті Данияр Қадыров және Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан сөз сөйлеп, мәдени және экономикалық байланыстардың маңызын атап өтті.

Құрылтайдың мәдениетке арналған сессиясында шетелде қазақ тілін және ұлттық дәстүрлерді сақтау мәселелері кеңінен талқыланды. Лаура Болатова мен Әйгерім Мұсагажинова сияқты сарапшылар қазақ тілін шетелде үйрету және ұлттық тағамдарды насихаттау бойынша жобаларымен бөлісті.

Малайя университетінің декан орынбасары доктор Азлин Заити Зайнал қазақ тілін оқыту курстарының ашылатыны туралы қуанышты хабарды жеткізіп, бұл бастаманың Қазақстан мен Малайзия арасындағы мәдени байланысты күшейтуге ықпал ететінін айтты.


Оқи отырыңыз: Малайзия елшісі: Біздің ел мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор


Қазақ мәдениетін әлемдік қауымдастықта танымал ету және ұлттық құндылықтарды сақтап қалу мәселелері маңызды орын алды. 

Құрылтайдың соңында "Сазген сазы" ансамблі қазақ халқының бай мәдени мұрасын көрсету мақсатында өнер көрсетті. Сонымен қатар, қазақтың киіз үйі Малайзияға табысталып, ұлттық болмысымызды әлемге танытуға үлкен үлес қосылды.

Жалпы, бұл құрылтай қазақ халқының мәдениеті мен экономикасын әлемдік деңгейде таныту, шетелдегі қазақ диаспорасымен байланыс орнату, және ұлттық бірегейлікті сақтау мақсатында маңызды қадам болды.

Серіктестер жаңалықтары