Тікелей эфир

Мәдениет және спорт вице-министрі Оралда есеп беру кездесуін өткізді

Батыс Қазақстан облысы тұрғындарымен кездескен ҚР мәдениет және спорт вице-министрі бір жыл бойы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Нұрғиса Дәуешовтың айтуынша, мәдениет пен спорт саласының дамуы көш ілгерілеп келеді. Белсенділік артқан. Дегенмен, ол ұлттық құндылықтарды, тарихи тұлғаларды насихаттайтын іс-шаралар көбірек ұйымдастырылса деген тілегін жеткізді.

"Алаш арыстары туралы туындылар, қойылымдар көбірек шықса, бұл тарих қойнауындағы зұлмат жылдар зардабын тартқан боздақтарға, қазақтың арда ұлдарына көрсетілген құрмет болмақ. Сондықтан жоспар құрғанда ұлттық маңызды іс-шаралар тізімінде осындай тапсырмалар болғаны жөн", – дейді Нұрғиса Мұратұлы.

"Неге осы жақтағы қазақ театрында Жаһанша туралы спектакль жасамасқа?.. Ол бүкіл Алаш мемлекетін құрған адам. Осындай мәселеге мән беріп, назар аудару керек. Спектакль тек көріп кететін нәрсе емес, ой салатын, тарихымызды тану үшін қажет дүние. Астанада "Алаш жауы" деген қойылым қойылды. Сәкен Сейфуллин туралы да спектакль бар. Ал Жаһаншаны туындыға арқау етсек, керемет болар еді", – деп атап өтті  вице-министр.

Есеп беру кездесуінде айтылған мәліметтерге сүйенсек, биыл Батыс Қазақстан облысы спортшыларының белсенділігі артқан. Жастардың спортты серік еткені қуантарлық. Салауатты өмір салтымен қатар енді жас буын кітап оқып, жан-дүниесін рухани байытса, жан-жақты болса қандай керемет деген ол кітапханаларға көңіл бөлу қажетін баса айтты. 

"Кітапхана абыройын көтеріп, балалар әдебиетін дамытатын болсақ көп іс жолға қойылады. Елде коворкинг орталықтары ашылып жатыр. Батыс Қазақстан облысында 360 кітапхана болса, Қазақстанда жалпы саны 9000 кітапхана бар. Оның 3 мыңы Мәдениет министрлігіне қарайды. Жалақы мәселесін білеміз. Президент қолдауымен 2023 жылы кітапханашылардың жалақысы алдымен 35 пайызға, одан соң 23 пайызға өсті. Әр өңірде осы жағдайды шешу керек", – дейді вице-министр.

Серіктестер жаңалықтары