Тікелей эфир

Мәдениет қызметкерлерінің орташа жалақысы 2025 жылы 300 мың теңгеге жуықтайды

Жергілікті атқарушы органдар қызметкерлердің лауазымдық айлықақысына ынталандырушы үстемеақы қоса алады.

Мәдениет саласындағы негізгі қызметкерлердің орташа жалақысы 2022 жылы 165,4 мың теңге болса, биыл бұл сома 195 мың теңгені құрайды, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында

"2024 жылдан бастап бұл көрсеткіш 230 мың теңге, ал 2025 жылы 294 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, мәдениет ұйымдарындағы әкімшілік және көмекші қызметкерлердің орташа жалақысы 2022 жылы тиісінше 106,1 мың теңге мен 74,7 мың теңгені құрады. Ол жыл сайын 20% өсетін болады", – деді вице-премьер. 

Мұнымен қатар, Алтай Көлгінов жергілікті атқарушы органдардың жергілікті бюджет қаражаты есебінен қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандырушы үстемақылар белгілеу құқығы көзделгенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Қоғамдық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы 1 мың теңгеге артады


"2021 жылы Астана қаласы бойынша жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, мәдениет ұйымдарының мемлекеттік сатып алу бойынша маман-менеджерінің жалақысы 82,3 мың теңге болса, 2022 жылғы 7 маусымда 117,3 мың теңгені құрады. Биыл 1 мамырдан бастап 146,5 мың теңге болады. Техникалық орындаушы-кассирдің жалақысы 2021 жылы 64,0 мың теңге болса, 2022 жылғы 7 маусымда 99,6 мың теңгені құрап отыр. 2023 жылғы 1 мамырдан бастап жалақысы 151,9 мың теңгеге жетеді", – деді Алтай Көлгінов. 

Вице-премьердің айтуынша, республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен мәдениет саласындағы қызметкерлердің жалақылары жүйелі түрде кезең-кезеңмен артатын болады.

Серіктестер жаңалықтары