Тікелей эфир

Мәдениет министрлігі Қазақстандағы танымал 5 тарихи орын мен ескерткішті атады

18 сәуір – халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атаулы күнге орай еліміздегі танымал тарихи орындар мен ескерткіштерді ұсынды.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – еліміздегі ең танымал тарихи орындардың бірі және Орталық Азия аумағындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті туындысы.

Фото: Turkystan.kz

Әмір Темірдің басшылығымен XIV ғасырда салынған кесене халқымыз үшін киелі орын саналады. Ясауи кесенесінің маңына 24 хан, сұлтан мен 57 батырдың, 18 бидің сүйегі жерленген.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген кесененің биіктігі 39 метр. Ғимарат бір бірімен түрлі дәліздер арқылы жалғасып жатқан 35 бөлмеден тұрады. Орталық бөлмеде көне жәдігер – Тайқазан орналасқан.

Таңбалы кешені

Көне дәуірден сыр шертетін Таңбалы тастар еліміздің аса маңызды тарихи мұраларының бірі. Ол – Орта Азиядағы жартастағы өнердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген тұңғыш ескерткіш.

Фото: Archaeology.kz

Таңбалы кешеніндегі петроглифтердің төрт мың жылдық тарихы бар. Ал суреттердің жалпы саны 5 мыңға жуықтайды.

Жартастағы суреттер ертедегі адамдардың қоршаған әлемді қабылдауын көрсетеді, дүниетанымын танытады. Петроглифтер белгілі жүйемен және философиялық, танымдық бірізділікке негізделген.

Ақыртас сарай кешені

Қойнауы құпияға толы Ақыртас сарай кешені VIII-XII ғасырларда салынған. Қабырғаларына қаланған тас блоктардың әрқайсысының салмағы бір тоннаға жуық. Кейбір қашалған тастардың салмағы 10 тоннадан асады.

Фото: Kazgazeta.kz

Ғалымдар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Ақыртас кешенін араб деректерінде кезігетін, Ұлы Жібек жолының бойындағы Касрибас қаласы деп болжайды.

Аумағы 2,5 жарым гектар жерді алып жатқан бұл нысанның 70-ке жуық бөлмесі, 15 колонна галереясы, кіреберіс қақпалары, ортада жарты гектар ашық алаңы болған.

"Жаркент мешіті" сәулет-көркемөнер музейі

Жетісудың жауһары, сәулет өнерінің тағы бір керемет туындысы - "Жаркент мешіті" сәулет-көркемөнер музейі. Шегесіз салынған бұл мешіт 1887-1892 жылдар аралығында бой көтерген.

Фото: wikipedia.org

Құрылыс жұмыстары Бейжіңнен шақырылған қытай маманы, инженер – Хон Пиктің басшылығымен жүргізілген.

Кешеннің жалпы жобасына бас қақпа, кіші мешіт, медресе, үлкен жұма мешіті, күйдірілген көк кірпіштен қаланған дуал қоршау енеді.

Айша бибі кесенесі

Айша бибі кесенесі — ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Ойып жасалған өрнектердің көркемдігі мен сан түрлілігі жағынан басқа мемориалдық-дәстүрлі ескерткіштер ішінде оған тең келетіні жоқ.

Фото: wikipedia.org

Кесене туристтерді тек ерекше сәулетімен ғана емес, сонымен қатар Айша бибі мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат хикаясымен де қызықтырады.

Қазақстанда 25 000-нан аса тарихи-мәдени мұра ескерткіші бар. Оның ішінде 10-ы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген, 12 463 ескерткіш республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесіне ие. Мәдениет және спорт министрлігі алдағы уақытта тағы 6 тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне қосуды жоспарлап отыр.

Қазақстандағы 5 ерекше кітапхана туралы білесіз бе?  

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары