Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрына 100 жыл толуына орай, өнер ордасының ұжымын мерейтоймен құттықтады.
"Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын!Ғасыр бұрын "Еңлік-Кебекпен" ашылған қасиетті шымылдық содан бері талай дәуірді артқа тастап, ұлттың тағдырлы кезеңдерін, арман-мұратын сахна тілімен сөйлетіп келеді. Театр ұжымына зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін", – делінген Аида Балаеваның құттықтауында.
Министр киелі сахнада қазақ драматургиясының інжу-маржанына айналған "Абай", "Қобыланды", "Қарагөз", "Айман – Шолпан" және өзге де туындылар сахналанғанын еске алды.
"Өнер ошағы Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алды, кейін оған Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Бүгінде "Ұлттық" мәртебеге ие театр әлемдік мәдени кеңістікке батыл қадам жасап келеді. Театр бүгінде ұлт өнерін өркендетіп, дәстүр сабақтастығын сақтап, үлкен шығармашылық орда қалыптастырып отыр", – деді Аида Балаева.
Еске салайық, бүгін сағат 19.00-де театрдың 100-маусымының шымылдығы М. Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының сахнасында "Еңлік – Кебек" трагедиясымен ашылады.
