Алматы қаласында тарихшы, Еуразияның ортағасырлық тарихы мен Жошы ұлысы тарихын зерттеуші Мари Фавероның "Алтын Орда. Дала империясы әлемді қалай өзгертті" атты іргелі еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасының ресми тұсаукесері өтті. Іс-шара Steppe & World Publishing баспа үйінің бастамасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы және Қазақстандағы Франция Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Осы еңбекті "Steppe & World Publishing" баспа үйі қазақшаға аударып, қазақстандық оқырманға ұсынды. Кітаптың қазақ тілінде жарық көруі – Алтын Орда тарихына қатысты заманауи халықаралық зерттеулерді қазақ оқырманның өз ана тілінде оқуына мүмкіндік беретін маңызды мәдени-ағартушылық бастама.
Ғалым өз еңбегінде Алтын Орданы тек ортағасырлық дала мемлекеті ретінде қарастырмай, оның Еуразиядағы саяси, экономикалық және мәдени процестерге ықпалын кеңінен талдайды. Сауда жолдары, дипломатиялық байланыстар, қалалардың дамуы, мәдени алмасу және Шығыс пен Батыс арасындағы тарихи байланыстар арқылы Алтын Орданың әлем тарихындағы орнын жаңаша пайымдайды.
Кітаптың басты ерекшеліктерінің бірі – Алтын Орда тарихын қазіргі тарихи зерттеулер тұрғысынан қарастырып, дала өркениетінің әлемдік тарихи процестердегі рөлін кең контексте көрсетуі. Бұл еңбек Жошы ұлысының мұрасын Қазақстан тарихымен ғана шектемей, оны ортағасырлық Еуразияның саяси және экономикалық тарихының маңызды бөлігі ретінде түсінуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында автор өз зерттеуінің негізгі тұжырымдарын бөлісіп, Алтын Орданың әлем тарихындағы орны, Жошы ұлысының саяси-экономикалық жүйесі, дала империясының Еуразиядағы сауда мен дипломатияға ықпалы және көшпенділер өркениетінің тарихи мұрасы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, қазіргі тарих ғылымындағы Алтын Орда тарихына қатысты түсініктер, Батыс пен Шығыс арасындағы тарихи байланыстар және дала империяларының әлемдік тарихтағы рөлі жөніндегі көзқарастары туралы көпшілікке дәріс оқыды.
"Алтын Ордаға" қатысты деректерді Сорбонна университетінде докторлық диссертациямды жазып жүрген кезде, шамамен жиырма жыл бұрын жинай бастадым. Үш ғасыр бойы бұл мемлекеттің қалай қалыптасып, күшейіп, кейін құлағанын түсіну үшін қолымдағы бар дереккөзді зерттедім. Зерттеуімде араб, түркі, орыс және көне итальян тілдеріндегі жазба деректерге сүйендім. Сонымен қатар латын және парсы тілдеріндегі деректерді де пайдаландым. "Алтын Орда" тарихын зерттеуге археологтар мен тарихшылардың, сондай-ақ орыс тілінде сөйлейтін және батыстық ғалымдардың арасында диалогтың аз болуы кедергі келтірді. Менің мақсатым – әртүрлі ғылыми бағыттарды біріктіріп, мамандандырылған зерттеулердің нәтижелерін жаңа жаһандық тарих тұжырымдарымен, нақты деректермен және тың пайымдармен ұштастыру болды", – деді ғалым.
Мари Фаверо Жошы ұлысын толық түсіну үшін жазба құжаттар мен археологиялық деректерді қатар қарастыру қажет екенін, ал бұған дейін мұндай кешенді зерттеу жасалмағанын айта кетті. Ресей, Еуропа және Түркиядағы музейлер мен архивтерде шашырап жатқан деректерді пайдалану үшін ғалым қажет тілдер мен жазу жүйелерін меңгеріп, архивтер мен музейлерде ауқымды зерттеу жүргізген. Ресей, Татарстан және Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазбалардың нәтижелерін, соның ішінде Алтын Орда хандары соқтырған тиындарды да зерттеген.
"Жошы ұлысын зерттеу арқылы XIII ғасырдағы моңғол шапқыншылығынан кейін Орталық Азияда қалыптасқан ірі империялық құрылымды көруге болады. Жошылықтар хан мен бектер билікті бөліскен ерекше саяси жүйе қалыптастырды. Олар салықты жеңілдетіп, еркін саудаға негізделген экономикалық жүйе құрды және Шығыс Еуропа, Кавказ бен Таяу Шығыстың қалалары мен сауда орталықтарына қарай ықпалын кеңейтті. Бұл кітап көшпелілердің тарихтағы рөлі туралы қалыптасқан қате түсініктерге қарсы шығады. Оқиғаларды көшпелілердің өз көзімен және олардың көзқарасы тұрғысынан көрсетуге тырыстым. Көшпелілер тек жауынгер болған жоқ. Дала көшпелілерінің ашық қалалары, өз тиындары мен төлқұжаттары болды. Олар сауда ісін жетік меңгеріп, экологияны терең түсінді. Көшпелілер мәдениеттер арасында дәнекер қызметін атқарды, діни төзімділігімен және әртүрлі қауымдарды біріктіре білуімен ерекшеленді. Олардың адалдық, бәсеке, күш қолдану, жетістік, өлім және отбасы туралы өзіндік түсініктері болды", – деді кітап авторы.
Тарихшы Мари Фавероның айтуынша, Алтын Орда тұсында Еуразияның шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын жаңа экономикалық тәртіп қалыптасты. Олар мәмлүктермен, Византиямен, итальялықтармен және басқа да мемлекеттермен келісімге келіп, алыс қашықтықтағы сауданың жаңа түрлерін дамытты.
"Көшпелілердің өз институттары болды. Мысалы, құрылтай сияқты саяси институттар арқылы олар мемлекетті басқарды. Сондықтан көшпелі билеушілер империя құру және оны басқару үшін міндетті түрде отырықшы халықтың институттарына сүйенуге мәжбүр болған жоқ. Жошы ұлысындағы саяси жүйе өзгермейтін құрылым болған жоқ. Ол аумақты басқару стратегияларын өзгертіп отырды, институттары да үнемі бейімделді. Бұл – соғыс пен дипломатияның арасында жағдайға қарай ауыса алатын, қиындыққа тап болған кезде өзін қайта қалыптастыра алатын өте икемді саяси құрылым болды", – деді ғалым.
Дәріс аяқталған соң оқырмандар авторға сұрақ қойды. Іс-шараға жиналған оқырман еңбектің авторы Мари Фаверодан қолтаңба алып, фотосуретке түсті.