Тікелей эфир

"Көшелер жекенің қолына өтіп кеткен". Кемертоған тұрғындары өз үйіне артқы есіктен кіруге мәжбүр

Алматы облысы Қарасай ауданының мәселелері Мәжіліс мінберінде көтерілді.

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдап, Алматы облысының Қарасай ауданындағы инфрақұрылым мәселелерін көтерді. 

"Бұл мәселелерді шешуге не облыс, не аудан, не ауыл әкімдері құлықты емес. Әрбір мәселеге тек сыдырма жауап қайтарумен шектеліп келеді. Мысалы, сол жердегі Кемертоған ауылының әлеуметтік мәселесі ушығып тұр. Жарық, жол және суға жарымаған жұрттың төзімі әбден таусылған. Кемертоған ауылында 160-тан астам тоқ подстанциясы бар екен. Оның барлығы жекеменшіктің қолында. Жер алып, үй салған халық электр энергиясын қосу үшін 300-500 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бірақ техникалық талаптарға сай келмейтін желілер жиі үзіліп, тұрғындардың тұрмыстық техникалары күйіп жарамсыз болуда", – деді Данияр Қасқарауов. 

Мәжіліс депутаты көтерген тағы бір мәселе – Кемертоғанның әбден тозығы жеткен, кейбірі, тіпті, жекеменшіктің қолына өтіп кеткен көшелері. Оның айтуынша, ауылдағы Жасқыран, Шапағат көшелеріндегі тұрғындар өз үйлеріне көше арқылы кіріп шыға алмайды. Себебі, көше түсуі тиіс телімдер жекенің қолында. Жергілікті автокөлік жолдары, өндірістік аймақтардың жерлерін бөтен біреулердің жер учаскесі болып кеткен. 

"Оған қоса, Қарасай ауданындағы жер мәселесі де ушығып тұр. Өкініштісі, су қорғау белдеулерінің аумағында жаппай құрылыс орын алуда, Іле-Алатауы ұлттық саябағының қорғау аймағында, мүрделердің санитарлық қорғау аймағында тұрғын үйлер соғылуда. Рекреациялық аймақтар қысқарған. Үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әсіресе, Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының өзінде  үш ауысымды мектеп мәселесі күйіп тұр. Қазіргі таңда осы аталған аудандарда шамадан тыс жүктемесі басым 82 мектеп бар", – деді мәжіліс депутаты. 


Оқи отырыңыз: Алматы облысында интернат оқушылары мектепке түнеп жүр. Ата-аналар көмек сұрады


Данияр Қасқарауовтың айтуынша, кейінгі жылдары мәдениеттің ең негізгі өзегі рухани салада түбірлі жаңғырулар жүргізілмеген. Бұған дәлел ретінде ол облыстың 22 ірі ауылында осы күнге дейін мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар жоғын, 25 мәдениет үйі мен клубтар апатты жағдайда тұрғанын және 25 мәдениет нысан жөндеуді қажет ететінін алға тартты. 

Аталған мәселелерді шешу жолында мәжіліс депутаты төрт талап қойып отыр. Олар: 

  • Бас прокуратура электр жабдықтау ұйымының 2021-2023 жылдардағы шаруашылық қызметін тексеруі қажет;
  • Ауыл шаруашылығы министрлігі аудан бойынша жекеменшікке берілген жерлердің заңдылығын қайта қарауы тиіс;
  • Жер кодексіне және басқа да заң актілеріне сәйкестігін және заңдылығын анықтау мақсатында инспекторлық тексерісті ашылуы қажет;
  • Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері аталған өңірдегі үш ауысымды мектептерді жою, сонымен бірге білім, мәдениет және спорт саласындағы жаңа объектілердің құрылысы мен төтенше жағдайдағы объектілердің жөндеу жұмыстары бойынша нақты ақпарат беруі керек. 
Серіктестер жаңалықтары