Кейінгі күндері қоғамдық орындарда азаматтарды полиция күштеп әкетіп жатыр деген видеолар әлеуметтік желіде жиі таралып жатыр. Көшеде, сауда және ойын-сауық орталықтарында жігіттердің ұсталып, белгісіз бағытқа жеткізілген сәттері қоғамда қызу талқыға түсті. Алайда бұл әрекеттердің заңды негізі бар екені белгілі болды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әскери есепте тұрған және бірнеше рет СМС-хабарлама арқылы жолданған әскерге шақыртуға келмеген азаматтар "іздеуде жүрген шақырылушы" санатына енгізіледі. Мұндай жағдайда ішкі істер органдары мен әкімдік инспекторлары оларды ұстап, әскерге шақыру пунктіне жеткізуге құқылы. Бұл жөнінде ҚР қорғаныс вице-министрі Асқар Мұстабеков түсініктеме берді.
Оның айтуынша, шақыртуға келмеген азаматтарды күштеп жеткізу — Қарулы күштердің емес, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы шара.
"СМС арқылы шақырту алып, бірақ келмеген азаматтарды ішкі істер органдары мен әкімдік инспекторлары жеткізеді. Бұл — заңда қарастырылған норма", – деді вице-министр.
Ресми дерекке сүйенсек, былтыр Қазақстан бойынша 40 мыңнан астам азамат әскер қатарына шақырылған. Ал бір ғана Астана қаласында әскерге барудан жалтарып жүрген 500-ге жуық жігіт рейд барысында ұсталған. Соған қарамастан, кей тұрғындар полицияның бұл әрекетін асыра сілтеу деп бағалап отыр.
Астана қаласы әскерге шақыру комиссиясының мүшесі Ғани Артықов әскерден жалтарғандарға қатысты жауапкершілік қатаң екенін атап өтті.
"Медициналық тексеруден өтуден жалтарған азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал әскерге барудан мүлде бас тартқандарға 1000-нан 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – деді ол.
Мамандар азаматтарды заң талаптарын сақтауға және әскерге шақыртуға немқұрайлы қарамауға шақырады. Себебі бір еленбеген СМС-хабарламаның соңы айыппұлмен немесе сот залымен аяқталуы мүмкін.
USD:
502.3 / 505.3
EUR:
596.0 / 600.0
RUB:
6.49 / 6.61