Тікелей эфир

Коронавирустың нигериялық Eta штамы Қазақстанның 4 өңірінде тіркелді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандықтарды вирустың таралу қаупін азайту үшін барлық алдын алу шарасын сақтауға шақырды.

Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың шілде-тамыз айларында КВИ науқастарынан алынған оң зертханалық үлгілерді секвенирлеу әдісімен коронавирустық инфекцияға генетикалық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, Eta "Нигерия" штамы Қазақстанның 4 өңірінде анықталды, деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 

"Секвенирлеу қорытындысына сәйкес, республикада 96  үлгідегі штамдар бар. Delta "Үнді штаммы" – 57 (59,4%), Alpha "Британдық штамм" – 24 (25%), "Ухань" коронавирусы – 10 (10,4%), Еta "Нигерия" – 5 (5,2%). Eta "Нигерия" штамы 4 өңірде анықталды, дәлірек Қарағандыда – 1, Маңғыстау – 2, Павлодар – 1, Нұр-Сұлтанда – 1", – деді министр. 

"Eta" штамы туралы 2020 жылдың желтоқсан айында белгілі болды. Аурудың алғашқы жағдайлары Нигерия мен Ұлыбританияда анықталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылдың 15 қыркүйегіндегі деректері бойынша, "Eta" штамы әлемнің 77 елінде бар және ол "бақылауды" қажет ететін штамм түріне жатады.

"Клиникалық белгілері Alpha (Британдық) және Beta (Оңтүстік Африка) штамдарына (дене қызуының жоғары болуы, жөтел, иіс пен дәм сезбеу, дененің ауыруы және т.б.) ұқсайды. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығын және жақындары мен туыстарының денсаулығына қамқорлықпен қарауға шақырады. Инфекциядан және ауруханаға жатқызудан қорғаудың жалғыз тиімді әдісі – Covid-19 вакцинациясының аяқталған курсы", – деп қосты Алексей Цой. 

Сондай-ақ, министр вирустың таралу қаупін азайту үшін барлық алдын алу шарасын сақтау қажеттігін еске салды: бетперде кию, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету және т.б.

Серіктестер жаңалықтары