Тікелей эфир

Коронавирусқа қарсы вакциналар маймыл шешегінен қорғай ала ма?

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді.

Маймыл шешегі коронавирус секілді ауамен таралмаса да, жұқтырғандар саны соңғы екі аптада күрт көбейген. Коронавирусқа қарсы салынған вакцина шешектен қорғай ма? Елде ревакцинация қалай жүріп жатыр?

Осы сауалдарға 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасының эфирінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев жауап берді.

Ержан Байтанаевтың айтуынша, коронавирус инфекциясына қарсы салынып жатқан вакциналардың ешқайсысы маймыл шешегі ауруынан қорғамайды.

"Өйткені маймыл шешегі инфекциясына қарсы өткен ғасырдың 70-жылдары шығарылған вакциналар бар. Ол жалпы шешекке қарсы вакциналар. Қазіргі таңда ол вакциналар АҚШ-та, Ресейде даярланып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, нақты маймыл шешегіне қарсы вакцина әлемде жоқ. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сол өткен ғасырда шешек ауруына қарсы салдырған вакцина маймыл шешегінен де қорғайды деген ақпараты бар. Қазіргі уақытта кейбір мемлекеттер осы маймыл шешегіне қарсы вакцинаның ойластырып жатыр", – деді Ержан Байтанаев.

Комитет өкілі елімізде маймыл шешегі ауруы тіркелмегенін, сондықтан алаңдайтын себеп жоқ екенін атап өтті. Десе де, бүгінгі күні шетелдерде бұл ауру белең алып бара жатқандықтан, шетелге шығатын азаматтарға бірқатар кеңес берді.

"Мүмкін болса, шетелге шықпауға,  шыққан жағдайда кез келген жерде маска тағып жүруге кеңес береміз. Өйткені бұл ауру ауа тамшыларымен де жұғады деген ақпарат бар. Сонымен қатар жануарлармен жақын қарым-қатынаста болмауға, яғни фотоға түспеуге және жабайы аңдардың етін жемеуге кеңес береміз", – деді Ержан Байтанаев.


Оқи отырыңыз: Маймыл шешегі пандемияға әкеле ме? Ресей вирусологы баға берді


Сонымен қатар комитет өкілі елдегі вакцинация пунктерінің жұмысы туралы да мәлімет берді. Айтуынша, қазір елімізде 1400-ден астам вакцинациялау пункті жұмыс істеп тұр.

"Кейбір өңірде вакцинациялау темпінің төмендеуіне байланысты және көптеген азаматтың вакцинаны алып қойғанына байланысты, сауда орталықтарындағы вакцинация пункттері жабылды. Бірақ емханаларда, емдеу орталықтарындағы вакцинациялау пункттері жұмыс істеп жатыр", – деді комитет өкілі.


Оқи отырыңыз: Вакцинация ер мен әйел адамның балалы болу қабілетіне қалай әсер етеді?

Серіктестер жаңалықтары