Енді көпбалалы отбасыларға балабақшада тегін қызмет көрсетілмейді. Олар да мемлекеттік бөбекжайларға ақы төлеуі тиіс. Жеңілдік тек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға ғана беріледі. Бұл шешімге ата-аналар наразылық білдіріп отыр. Алматыда бір топ тұрғын өзгерісті қайта қарауды талап етіп, билікке үндеу жасады, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Үкімет көпбалалы отбасылардың барлық баласына балабақшада тегін тамақ беру тәртібін де өзгертті. Қаңтар айынан бастап Алматыдағы 180-нен астам мемлекеттік бөбекжайда жеңілдік тоқтатылады. Атаулы әлеуметтік көмек алмаса немесе мүгедектік мәртебесі болмаса, әр бала үшін айына 25 мың теңге көлемінде төлем жасау қажет болады. Осыған байланысты балалардың тегін тамақтан қағылуы мүмкін деген ата-аналар бұл өзгеріске түбегейлі қарсы.
"Ақылы болса, маған үш балаға 75-80 мың теңге төлеу керек. Бұл мен үшін үлкен ақша. Өзім пәтерде тұрамын, 160 мың теңге төлеймін. Айлығым – 230 мың теңге. Атаулы әлеуметтік көмек алайын десем, айлығым мен шегерімдерді есептегенде табысым 1 мың теңгеге артық шығып тұр. Соның өзіне бола "ақша төлейсің" дейді", – деді көпбалалы ана Вазира Аманова.
"Бұл біз үшін үлкен қиындық болып тұр. Тегін тамақ – бізге едәуір көмек еді. Мысалы, екі балаға 50 мың теңге деген – бір отбасын біраз уақыт азық-түлікпен қамтамасыз ете алатын қаражат", – деді көпбалалы ана Әльфия Абдуллақызы.
Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстанда ЖРВИ жұқтырғандардың 68 пайызы – балалар
Алматы әкімдігі жеңілдіктің тоқтатылуына жергілікті билік емес, орталық деңгейдегі шешім себеп болғанын айтты.
"Бүкіл өңірлер бұл өзгерісті қыркүйек айында енгізді. Біздің әкімдік бұл азаматтарға ең болмаса жылдың соңына дейін жеңілдік беруді қарастырды. 1 қаңтардан бастап төлем жасау керек болады. Атаулы әлеуметтік көмек не ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай келмесе – төлейді", – деді Алматы қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.
Әкімдік жеңілдіктен айырылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекке өтініш беруді немесе табысы төмен тұлға ретінде Мансап орталығына жүгінуді ұсынды. Алайда ата-аналар бұл ұсынысты жеткіліксіз деп санайды. Олар билікке үндеу жасап, үкіметтен шешімді қайта қарауды талап етті.
USD:
518.1 / 521.1
EUR:
599.0 / 604.0
RUB:
6.55 / 6.69