Тікелей эфир

Конституция күніне орай БҚО полициясына автокөліктер табысталды

Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай Батыс Қазақстан облысының Полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың  құттықтау жеделхатын оқумен басталды. Облыстың бас полицейі Арман Молдиярұлы барлық тәртіп сақшыларды және сала ардагерлерін мерекемен құттықтады. 

"Адам құқығы мен бостандығын қорғау- тәртіп сақшыларының міндеті. Қазіргі уақытта полицияға қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес жүргізу үшін барлық жағдай жасалған. Енді біздің міндетіміз – өз қызметімізді адал атқару. Құрметті ардагерлер және әріптестер, бәріңізді халқымыз үшін маңызы зор мереке – Конституция күнімен құттықтаймын!" – деді салтанатты іс-шарада сөз алған Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев. 

Ол өз сөзінде 1995 жылы қабылданған негізгі заңның еліміз үшін маңызды рөл атқаратынына тоқтала отырып, полиция қызметкерлерінің алдағы уақытта да ел игілігі үшін қызмет ететініне сенім білдірді. 

Ата заңымыз айшықталған мерекеде Батыс Қазақстан облысының полиция депаратаментінің айдауылдау қызметіне 2 дана автокөліктің және кинологиялық қызмет орталығына жол талғамайтын, жоғары жылдамдықты автокөліктердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл темір тұлпарлар салада талай қылмыстың алдын алуға және анықталған фактілерді ашуға сеп болар жақсы көмекшіге айналары сөзсіз дейді мамандар. Сондай-ақ облыс әкімдігінің қолдауымен арнайы даярлық және құқықтық тәртіп базасына аса қажет автоматтандырылған көлік жуу кешенінің ашылуы өтті.

Енді департаменті базасында осындай жуу базасының арқасында жұмыс оңтайлы жүзеге асып, қызметкерлерге түсетін салмақ та азаятын болады. Бұл өңірдегі сала өкілдері үшін қуанышты жаңалық болды. Бірінші кезекте материалдық-техникалық базаны нығайтуға көңіл бөлу-жұмыс нәтижелігін арттырады деп күтіледі.

Мерекеде өз міндеттерін абыроймен атқарып жүрген полицейлерге құрмет көрсетіліп, үздіктер төс белгілермен,  грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Кейін сапқа тұрғызылған полицейлер құқықтық тәртіпті сақтау жолындағы қызметтеріне аттанды.

Серіктестер жаңалықтары