Қазақстанда көліктердің алдыңғы терезелерін қараңғылауға рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Sputnik.kz сайтының мәліметінше, бұл бастаманы депутат Олжас Құспеков көтеріп отыр.
Оның айтуынша, қараңғылау арқылы мемлекет қазынасына қыруар қаржы түсіруге болады. Демек, мәжілісмен темір тұлпар терезесін қараңғылауға рұқсат беруді ақылы ету керек дейді.
Тариф құнын шамамен жылына 400 мың теңге деп белгілеуді ұсынды. Есебінше, бұл жұмыс іске асса, бюджетке 1 триллион теңге түспек. Сонымен қатар ол өзге мемлекеттерде көліктердің алдыңғы әйнегін қараңғылауға тыйым салынбаған дейді. Ал жүргізушілердің көбі алдыңғы әйнектерді күңгірттеу жол апаттарына әкелуі мүмкін деген пікірде.
"Негізінде жүргізуші жан-жағын анық көргені дұрыс. Мал, адам жолда, аяқ асты бала жүгіріп шығып қалады мысалы. Яғни, адамның бәрі бірдей емес қой. Біреу жақсы көреді, біреу нашар көреді", – деді жүргізуші.