Алматыдағы Көктөбеге көлікпен кіру ақысы ақпан айынан бастап қымбаттады. Енді саябақ аумағына автокөлікпен өту үшін 25 мың теңге төлеу қажет. Бұл – Көктөбенің орталық бөлігіндегі тұрақ құны. Бағаның өсуі қала тұрғындары мен туристер арасында қызу талқыға түсті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Келушілердің айтуынша, бұған дейін көлікпен кіру құны 15 мың теңге болған. Сонымен қатар автобус билеттері де қымбаттаған. Қазір автобуспен кіріп-шығу құны бір адамға 4 мың теңге, ал 6–12 жас аралығындағы балаларға 1800 теңге. Ал аспалы жолмен барып-қайту билеті ересектерге 10 мың теңге, жасөспірімдерге 5 мың теңге тұрады.
Саябақ өкілдерінің мәліметінше, баға коммерциялық мақсатта емес, көлік санын азайту үшін көтерілген. Көктөбе – экологиялық аймақ болғандықтан, аумақтағы автокөлік қозғалысын шектеу қажет. Қазіргі тұрақ 96 көлікке арналған. Алайда маусым кезінде баға өскеніне қарамастан, тұрақта бос орын болмайды.
Парк әкімшілігі бастапқыда бағаны 30 мың теңгеге дейін көтеруді жоспарлағанын да жасырмады. Түскен қаражат саябақты күтіп-ұстауға, тазалық жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17