Көктемгі каникул – 11 күн: Оқушыларды қандай мәдени, спорттық шаралар күтіп тұр

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Оқу-ағарту министрлігі 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбуктер әзірледі.

Оқушылардың көктемгі каникул кезеңі 2025 жылдың 21 наурызы мен 2025 жылдың 31 наурызын қоса алғанда он бір күнге созылады, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

"Мектеп оқушыларының көктемгі демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту мақсатында "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында іс-шаралар жоспары жасалды. Сондай-ақ 1-4, 5-9 және 10-11 сынып оқушыларына арналған гайдбук әзірленді. Онда әр демалыс күні Наурызнаманың онкүндігімен байланысты және қоғамның маңызды аспектілеріне: отбасылық құндылықтарға, мәдениетке, ұлттық дәстүрлерге, қайырымдылыққа, спортқа мән берілді", – делінген министрліктің хабарламасында. 

Мектептерде каникул күндері бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өтеді. Олар: 

  • театр фестивальдері мен қойылымдары; 
  • шеберлік сабақтары; 
  • қауіпсіздік сабақтары; 
  • мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсиялар; 
  • спорттық ойындар; 
  • қайырымдылық акциялары және басқа да шаралар. 

"Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың көшедегі қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аударылады", – делінген министрліктің хабарламасында.

Серіктестер жаңалықтары