Тікелей эфир

Көкшетауда үш бірдей шағын ауданның тұрғындары бір аптадан бері ауыз сусыз отыр

Мамандар қалада судың болмауына Сергеев қоймасындағы ахуалдың мүлдем қатысы жоқ екендігін айтты.

Халық тіршілік нәрін үнемдеп, күнде келетін су тасығыш көліктен ыдыстарын толтырып шаршағандарын айтып шағымданды. Ал жауапты мекеменің басшысы жақын күндері бұл мәселені шешіп беретінін айтты, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Шағын ауданның тұрғыны Алина Макарова үшін ауыз су қазір алтыннан да қымбат. Жуыну арманға айналды деген келіншек бес күннен бері тіршілік нәрінен тарыққанын жеткізді. Тұрғын кесте бойынша су беретінін айтқан жауаптылардың уәдесі де сол күйі орындалмағанына ашулы.

«Біз өткен жылы 40 градус ыстықта да сусыз қалдық. Енді, міне, тасқынның салдары деп тағы тіршілік көзінен ажырап қалдық. Сусыз қиын. Алдын ала қамданған суымыз таусылды. Әкімдік биыл шағын аудандағы су құбырларының барлығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп беретінін айтқалы қанша уақыт өтті. Нәтиже жоқ», – деді «Бірлік» шағын ауданының тұрғыны Алина Макарова.

«Бірлік» шағын ауданның тұрғындары кеше келген су тасығыш көлікке кезекке тұрған. Ол су ішуге мүлдем жарамайтын болып шықты.

«Бүгін су мүлдем болған жоқ. Біздің көшеден былай қарай жүрсеңіздер – су жоқ. Водовоздың нақты қашан келетінін білмейміз. Ол су бет жууға да, ішуге де жарамсыз», – деді «Бірлік» шағын ауданының тұрғыны Айтжан Сатанов.


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қазақстан 2050 жылға қарай "суға өте мұқтаж" елдердің санатына кіруі мүмкін


«Бірлік» шағын ауданынан бөлек, Застанционный, Кірпіш зауыты шағын аудандарының тұрғындары да ауыз судан ажыратылған. Жауапты мекеменің басшысы шағын аудандарға бүгіннен бастап су беріліп жатқанын айтты.

«Үш шағын ауданның сусыз қалуына Қылшақты өзенінің арнасынан тасуы себеп болды. Сол кезде су құбырлары істен шыққан соң, су беруді тоқтатуға мәжбүр болдық. Қазір жағдай дұрысталды. Жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда су толық берілді. Алғашқы күндері жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен, су сапасы төмен болады. Кейін дұрысталады», – деді «Көкшетау су арнасы» мекемесінің басшысы Юрий Шенгельц.

Мамандар қалада судың болмауына Сергеев қоймасындағы ахуалдың мүлдем қатысы жоқ екендігін айтты.

Серіктестер жаңалықтары