Тікелей эфир

Көкпардан Қазақстан құрамасы Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейтті

Құраманың басты қарсыластары – Қырғызстан және Өзбекстанның командалары.

Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, деп хабарлады ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі. 

Ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеевтің айтуынша, осы оқу-жаттығу жиыны аясында қыркүйекте өтетін ойындарға қатысатын жылқылар дайындалып жатыр. Барлығы 40 жылқының ішінен мықтылары іріктеліп алынады. Оның сөзінше, команда дайындығы қазір жақсы деңгейде. Ұлттық құрамаға Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген командалар мықты қарсылас бола алады.

Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

"Екі айдан бері V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді дайындалып жатырмыз. Еліміздің намысын абыроймен қорғаймыз деп үміттенеміз. Осындай маңызды спорттық жарыстың елімізде өтіп жатқаны бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бірінші оқу-жаттығу жиынында өзіміздің күш-қайратымызға баса мән берсек, енді жылқыларды дайындап жатырмыз", – деді көкпардан ұлттық құрама мүшесі Әділет Мамыт.


Оқи отырыңыз: "Ұлы дала жорығында" оннан астам елден келетін шабандоздар 500 шақырымға жарысады


Естеріңізге сала кетейік, Республикалық көкпар федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кіреді. Сонымен қатар, қауымдастық құрамында Бәйге, Жамбы ату, Аударыспақ, Садақ ату, Құсбегілік, Асық ату, Теңге ілу, JORYQ және тағы басқа федерациялар бар.

Фото: ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

 

Серіктестер жаңалықтары