Қазақстанда банктер осы айда мобильді аударымдар бойынша алғашқы есепті салық органдарына ұсынады. Бұл арқылы азаматтардың табысына бақылау жүргізу көзделіп отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, егер азаматтың шотына түскен қаражаттың тауар немесе қызмет үшін төлем екені анықталса, ол салық төлеуге міндетті болады немесе кәсіпкер ретінде тіркелуге тиіс.
Ал егер азамат бұл талаппен келіспесе, өзінің кәсіпкерлікпен айналыспайтынын дәлелдеп, аударымдардың мәнін түсіндіруі қажет.
Айта кету керек, жаңа талап барлық ақша аударымдарына бірдей қолданылмайды. Бақылау тек мына жағдайда жүргізіледі:
- үш ай ішінде 100 түрлі адамнан ақша түссе;
- аударымдар тұрақты сипатта болса;
- жалпы сома 1 млн 200 мың теңгеден асса.
Осы критерийлерге сай келген жағдайда ғана шот күдікке ілігеді. Мұндай жағдайда салық органдары алдымен азаматқа хабарлама жолдайды.
Сонымен қатар банктер 2026 жылдың бірінші тоқсаны бойынша есепті 15 сәуірге дейін тапсыруға міндетті.