Тікелей эфир

Қылмыскерлер халықтың өшпенділігін тудыру үшін полицейлер мен әскерилердің формасын киіп алған – ІІМ

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 400-ден астам көлік, оның ішінде Ішкі істер органдарының 346 көлігі зақымдалып, жойылған.

6-7 қаңтар күндері Тараз және Талдықорған қалаларында аса қауіпті қылмыскерлер отырған тергеу изоляторына бірнеше рет қарулы шабуыл жасалды. Алайда, полицейлер шабуылды тоқтатты, деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігі.

"Қару-жарақтарды иелену мақсатында Шымкент қаласы мен Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының аймақтық полиция департаментіне қарулы және ішіне жанғыш қоспа құйылған бөтелкелермен шабуыл жасалды. Ал, Алматыда полиция департаменті мен оның үш аудандық бөлімшесіне қарулы шабуыл болды. Сонымен қатар, қару-жарақ пен әскери техниканы алуды көздегендер Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімшелері мен блокпосттарына да шабуыл жасамақ болды",- деді Ішкі істер министрінің міндтін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев.

Ведомство басшысының айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде 400-ден астам көлік, оның ішінде Ішкі істер органдарының 346 көлігі зақымдалып, жойылған. Тонаушылар 100 ірі сауда нысаны мен банкті тонаған. Алдын ала есептеу бойынша, келтірілген залал 87 миллиард теңгені құрайды.

"Қылмыскерлер билік органдарының абыройын түсіру мақсатында полицейлер мен әскерилердің формасын киіп, заңбұзушылықтар жасады",- деп қосты ІІМ басшысы.

Ерлан Тұрғымбаев елімізде енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты қозғалысқа, көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылғанын, құжаттар мен жеке заттарды, көліктер мен жүктерді тексеру жүретінін және бұқаралық шаралар өткізуге тыйым салынғанын еске салды. Талапты бұзғандар қылмыстық және әкімшілік жауапқа тартылады.

Бұған дейін мемлекеттік шекараны көлікпен және жаяу кесіп өтпек болған 300-ге жуық адам ұсталғанын хабарлаған едік. Олардан қару-жарақ, тоналған заттар, оның ішінде телефондар мен отандық және шетелдік валюталар тәркіленген. Қазір елде антитеррористік операция жалғасып жатыр. Барлық өңірде жағдай қалыпты. Басып алынған әкімшіліктер кері қайтарылды. 


Оқи отырыңыз: ІІМ: Қазақстан бойынша 5 135 адам ұсталды


 

Серіктестер жаңалықтары