Қостанайда банк менеджері алаяқтық қылмысының алдын алды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Зейнеткер өз атына үлкен көлемде несие беруді сұрап, банк бөлімшесіне барған. Банк менеджері қарыз сомасын есептеп, банктің 1,5 млн теңге көлемінде несиені мақұлдағанын хабарлады. Зейнеткер әйел телефон арқылы белгісіз адамдарға банктің қанша сома бергенін айтқан. Оны байқаған банк менеджері клиенттен не себепті несие алып жатқанын сұраған кезде зейнеткер қандай да бір ақпарат беруден бас тартқан.
Содан кейін банк қызметкері бұл туралы қауіпсіздік қызметі мен полицияға хабарлады. Тексеріс барысында зейнеткер ақшаны алаяқтарға жібермек болған. Олар әйелге Ресейде тұратын қызының ауруханада ауыр жағдайда екенін хабарлаған. Ақшаны беру үшін келісілген кездесу барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы жалдамалы алаяқты сол жерде ұстады.
Белгілі болғандай, жас жігіт Telegram арқылы жұмыс іздеген. Оған жалақысы күніне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін болатын осындай “жеңіл” табыс түрін ұсынған алаяқтар байланысқа шыққан.
"Мұндай жағдайда бірінші кезекте ақша іздеу керек болды. Мен тіпті қызыма қоңырау шалуды ойламадым, өйткені қатты толқып кеттім. Бірақ қызметкерлердің қырағылығының арқасында алаяқтардың арбауына түспедім. Сол үшін маған осы жағдайда көмектескендердің бәріне ризамын", – деді зейнеткер
Қостанай облысының полиция департаменті кезекті рет азаматтарға сақ болуды ескертеді. Алаяқтар жаңа схемаларды ойлап табуда. Сонымен қатар ескі “телефон” әдістерін де қолданып жатыр. Полиция азаматтарды мұқият болуға, алаяқтардың қулықтарына түспеуді сұрайды.