Тікелей эфир

Қонақүйде бір түнеу ақысы – 216 мың теңге. Ақтау туризмі қашан арзандайды?

Бес жұлдызды қонақүйлердің ақысы 85 мың теңгеден басталады.

Ақтау – Қазақстанда теңіз туризмін ұсынатын жалғыз қала. Каспий жағасында тыныққанды қалайтын туристер жыл санап артып келеді. Биыл әсіресе ресейліктер көбейген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Дегенмен, Ақтау туризмінің бағасына деген көзқарас әртүрлі. Қаладағы бес жұлдызды қонақ үйлерде бір түн түнеу ақысы 85 мың теңгеден басталып, 216 мыңға дейін жетеді.Қызмет сапасы орташа қонақүйлердің өзінде баға 60 мың теңге шамасында. Отандық туристер үшін баға айтарлықтай қымбат.

"Ақтауға жыл сайын келемін. Әр келген сайын түрлі өзгерістерді байқаймын. Қала дамып жатыр. Бірақ, жазғы маусым кезінде пәтер табу қиындап кетеді. Тапқанның өзінде бағасы аспандайды", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Ерасыл Шарапиденов.

Ал арна тілшілері тілдескен туристердің бірі, ресейлік Мария Иванова болса, мұндағы баға Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін айтады.

"Біз Ақтау туралы достарымыздан естідік. Сондықтан Ресейден Ақтаудың табиғаты мен теңізін көру үшін саяхаттап келдік. Жалпы қонақ үй бағалары жазғы маусымға сәйкес, орташа деп ойлаймын. Ал Ресеймен салыстырғанда мұнда демалу әлдеқайда арзан", – дейді Мария Иванова.


Оқи отырыңыз: Алакөл, Балқаш әлде Каспий? Қазақстанда көл жағасында демалу қанша тұрады?


Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қонақ үй бағасын ешкім реттей алмайтынын айтады. Өйткені, баға сұранысқа қарай қымбаттайды және төмендейді. Жаз кезінде бағаның өсуі нарық заңдылығы. Биылғы қымбатшылыққа қарамастан, теңіз жағасындағы қонақүйлерде бос орын жоқ.

"Қазір сұраныс көп. Егер сұраныс көп болса, қонақүйлерде орын азайып, баға қымбаттай береді", – дейді қала әкімі.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары