Тікелей эфир

Қазақстанның солтүстігінде су тасқынынан келген шығын 73 миллиард теңгеге жетті

Жүздеген отбасы баспанасынан айырылды.

Жолдар қирап, инженерлік желілерге зақым келді. Ал дүние-мүлкінен айырылған тұрғындарға берілетін жаңа үйлердің құрылысы басталып кетті. Алғашқы 100 баспана маусым айында пайдалануға берілмек, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жалпы, күзге дейін тасқыннан зардап шеккен отбасыларға бас-аяғы 500 үй салынбақ.

Петропавлдың солтүстік бөлігіндегі "Солнечный-2" шағын ауданында үйлер қарқынды түрде бой көтеріп жатыр. Құрылысшылар бір аптада 50 үйдің қабырғасын көтеріп, шатырын жабуға кіріскен. Олар екі ауысыммен тәулік бойы жұмыс істеуде. Өңірде баспана салуға 11 құрылыс компаниясы тартылған.

"Шал ақын ауданынан 7 үй салуға келдік. 5 үйдің қабырғасын көтеріп қойдық. Жұмысты қарқынды бастадық. Таңғы 8-ден күн батқанша жұмыс істейміз", – деді құрылысшы Данияр Қарып.

Алғашқы жүз үйдің құрылысы тура 20 күннен кейін аяқталады деп жоспарланған. Кейін олар жалғыз баспанасын су басқан отбасыларға беріледі. Ол үшін «Қазақстан халқына» қоры 3 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлді. Айта кетейік, үш бөлмелі жер үйдің аумағы 80 шаршы метр болады.


Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысының тұрғындары баспаналы болды


"Бір үйдің құны – 22 миллион теңге. Менің ойымша, бұл баспаналарға тұрғындардың көңілі толады. Іргетасы мықты, жақсы құрылыс материалдары қолданылып жатыр. Үй жылы болуға тиіс. Қазір аймақта арнайы мамандар су тасқынынан бүлінген бір жарым мыңға жуық баспананы тексеріп, мүлікті бағалау жұмыстарын жүргізген. 250 үй тұруға жарамсыз деп танылыпты. Сол себепті ауданда тағы 100 баспананың құрылысы басталмақ. Осылайша, күзге дейін бас-аяғы 500 үй салу көзделген", – деді «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішов.

Айта кетейік, солтүстікте 3800 баспананы су басқан. 63 үй әлі күнге дейін суда тұр. Аймақта тасқыннан келген шығын 73 миллиард теңгеге жектен.

Серіктестер жаңалықтары