Қазақстанда 2024 жылғы 1 шілдеден темекі өнімдерінің бағасын 770 теңгеден (2024 жылға бекітілген баға) 820 теңгеге өсіру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған Қаржы министрлігінің бұйрығына енгізілетін өзгертулерден белгілі болды.
"Фильтрлі, фильтрсіз 20 сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға 2024 жылғы 1 шілдеден бастап 820 теңге мөлшерінде ең төменгі бөлшек сауда бағаcы белгіленсін", – деп жазылған құжат жобасында.
Ал 2025 жылдан бастап баға тағы 50 теңгеге көтеріліп, 870 теңге болады.
Оқи отырыңыз: 2023 жылғы 1 шілдеден бастап темекі 60 теңгеге қымбаттайды
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап темекі өнімдеріне салық жүктемесі өткен жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға ұлғайған.
"Атамекен" ҰКП 20 фильтрлі, фильтрсіз сигаретке, папиростарға, сигариллаларға және қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға ең төменгі бөлшек сауда бағаны көтеру ұсынды", – делінген Қаржы министрлігінің түсіндірме жазбасында.
Құжат жобасы 10 маусымға дейін қоғам талқысына ұсынылған.