Тікелей эфир

Қазақстанда табиғи апаттан қырылған мал саны 8100-ден асты

Қазір су тасқыны салдарынан қырылған мал саны есептеліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан соңғы деректерге сәйкес, өлген төрт түліктің саны 8100 бастан асқан, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, ақпарат толықтырылып жатыр. Сондықтан, әзірге табиғи апаттан келген шығынды дөп басып айту қиын.

Мәселен, ведомствоның ресми өкілі 88 мың мал қауіпсіз жерге көшіріліп, қазірге дейін 4100 өлексе жойылғанын айтты. Әрі, республикалық штаб қорасындағы түлігінен айырылған елге өтемақы төлеу алгоритмін бекітіп қойған. Яғни, бүкіл өңірде мал иесін анықтап, шығынды есептейтін комиссиялар құрылған. Олар мәліметті тіркеп, тексереді. Бәрі дұрыс болған жағдайда, ақпаратты растайды.

Батыс Қазақстан өңірінің шенеуніктері облыс бойынша екі мыңға жуық қырылған мал өртелгенін хабарлады. Ақтөбе әкімдігінің дерегінше, алдын ала есепке сәйкес, өлген мал саны үш мыңнан асып жығылған. Шығын көлемі 2 миллиард 200 миллион теңгеге жетіп отыр.


Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккендерге қалай қаржылай көмек беруге болады


«Су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталатын болады. Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы бойынша нарықтық құны туралы мәліметтер бойынша айқындалатын болады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі Олжас Тілебалдин.

Серіктестер жаңалықтары