Соңғы күндері Қазақстанда ресейлік нөмірмен жүрген көліктер жаппай сатылымға шыға бастады. Тіпті көлік сатуға жарнама беру бір апта ішінде бірден 15 пайызға көбейді. Яғни хабарландырулар саны 37 мыңнан 42 мыңға артқан, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ақтөбе облысында Ресейдің мемлекеттік нөмірі тағылғанымен, бірақ Ресейде де, Қазақстанда да тіркеуде жоқ жүздеген автокөліктің сатылатыны туралы хабарландыру саны күрт көбейген. Көлік иелерінің көбі машинасын өз бағасынан да арзанға сатып жатыр.
Сондай-ақ, 31 арна Петропавлда Ресей нөмірлі көлік тізгіндеген жүргізушілер жиналып, айып тұрағына қойылған көліктерін қайтарып беруді талап еткенін де хабарлады. Олардың бірі – Данияр Исин Қостанайдан сатып алған Nissan Estima көлігін небары 17 күн мінген соң экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері тәркілегенін айтады. Ол сонда ғана көлігінің еш жерде есепте жоқ екенін және Қазақстанға заңсыз кіргізілгенін білген.
Департамент мамандарының дерегінше, мұндай көліктер шекара арқылы кіргізу кезінде құжат бойынша қосалқы бөлшек ретінде рәсімделіпті. Қазір тергеу аяқталуға жақын. СҚО Экономикалық тергеу департаментінің аға тергеушісі Болат Телекеев экономикалық контрабандамен айналысқан Қазақстан мен Ресей азаматтары ұсталғанын айтты:
"Олар Жапониядан әкелінген оң жақ рөлі бар көліктерді Ресей арқылы заңсыз тасымалдаған болуы мүмкін. Солардың ішінде бұл көліктер де бар. Ары қарай сот шешеді".