Тікелей эфир

Қазақстанда құрастырылған су жаңа автобустар бір жылға жетпей бұзылып жатыр

Бұл автобустардың қосалқы бөлшектерін ауыстыратын сервистік орталық Қазақстанда жоқ.

Петропавлда былтыр ғана лизингке алынған жаңа автобустар бір жылға жетпей бұзылып жатыр. Тасымалдаушылар жаңа қоғамдық көліктердің қосалқы бөлшектері бірінен соң бірі істен шығып жатқанын айтады. Қытайда шығарылып Қазақстанда құрастырылатын автобустарға қазақстанда қосалқы бөлшектер де жоқ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

2022 жылы Солтүстік Қазақстан облысының орталығына жалпы құны 4 миллиард теңге тұратын 100 жаңа автобус жеткізілген. Алайда олардың көбі күнара істен шығады.

"Соның кесірінен қоғамдық көліктер өз уақытымен жүрмейді. Бір бағытта 2-3 автобус қана көреміз. Бұл сұмдық қой. Бір сағаттың ішінде 2-ақ автобус келеді", – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Морозова.

Автобустардың бірінің ажыратқыш тетігі, екіншісінің тежеуіш жүйесі сияқты қосымша бөлшектері кезекпен істен шығып жатыр екен. Сорақысы, сол бөлшектерді ауыстыратын сервистік орталық Қазақстанда атымен жоқ.

"Автобустар бір жылдың ішінде осындай күйге түсті. 7 жылдан кейін несиені төлеп біткен кезде ескі-құсқы темір-терсекке айналады. Автобустардың бағасы да өте қымбат. Жергілікті биліктің үгіттеуімен бізге осы техниканы несиеге алғызды", – дейді автобус паркінің басшысы Болат Рақымов.

Тасымалдаушылармен кездесуге келген Қытайлық компания өкілдері қоғамдық көліктің не себепті істен шыға беретінін түсіндіруден бас тартты. Бірақ кәсіпкерлермен жеке дара кездесу өткіземіз дейді. Ал қала билігі жаңа автобустарды тасымалдаушылардың өзі таңдағанын, әкімдік оларға қыстап қол қойғызбағанын айтады.

"Әкімдік оларды ешкімге міндеттеп алдыртқан жоқ. Шартта үш қол бар. Олар: мердігердің және Солтүстік әлеуметтік орпорация мен Өнекәсіпті дамыту қоры басшыларының қолдары. Біздің қолымыз жоқ", – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Серіктестер жаңалықтары