Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұдан былай бейіт басына зәулім сарай салып, марқұм үшін үлкен жерді алуға тыйым салады, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
Басқарма жанынан ашылған Қамқор-Шапағат орталығы бірнеше облыстың мәслихатына осындай ұсыныс жолдады. Егер депутаттар қолдаса, 20 аймақтағы зират заңдылығы өзгереді.
"Қабірге жерленген кісінің кім екенін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін оған шағын белгі қоюға рұқсат. Құлпытас биіктігі 1 метр, ені 50 сантиметрден аспауға тиіс. Құлпытасқа марқұмның аты-жөні, туған жылы мен қайтыс болған уақыты жазылса жеткілікті. Құлпытасқа марқұмның суретін қоюға рұқсат етілмейді", – дейді "Қамқор-шапағат" орталығының директоры Мейрамбек Қабыбекұлы.
Оқи отырыңыз: "Қақпадан шыққанда қабірге тап боламыз". Алматы облысында тұрғындар мазарлардың үйге тым жақын орналасқанына наразы
Ал құлпытас жасайтын шеберлер болса, тұтынушылар таңдауында шек жоқ дейді. Олардың айтуынша, бейіт басына белгі қою үшін адамдар 7 миллион теңгеге дейін тапсырыс берген.
"15-20 мың теңгеден бастап кете береді. 500, 600 мың, 1 миллион теңгеге дейін кете береді. Осы уақытқа дейін 1,5-2 миллионға дейін алғандар болды жалғыз тастың өзін. 7 миллионға дейін де қойып жатырмыз. Гранит-мрамор болып бөлінеді. Қазіргі таңда гранит қатты сұранысқа ие", – дейді құлпытас шебері Әбілхан Амантұрдиев.
Ел азаматтары мазарға биік қоршау қажет дейді. Әйтпесе бейітті қаңғыған мал басып кетпесіне кім кепіл деп отыр.
Ал дін өкілдері бейітті әсепттегеннен марқұмға келіп-кетер пайда жоқ екенін айтады. Одан да сол қаржыға жетім-жесірге көмек берген әлдеқайда абзал дейді.