Тікелей эфир

"Қазақфильм" түсірген "Мерген" фильмі Канадада өтетін Fantasia фестиваліне қатысады

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ
Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ
Басты рөлді Әлихан Әби сомдаса, картинаға Райхан Айтқожанова және Дулыға Ақмолда сынды танымал актерлер түскен.

Режиссер-дебютант Райымбек Әлжановтың "Мерген" атты қысқаметражды фильмі жанрлық киноларға арналған әлемдегі беделді фестивальдердің бірі – халықаралық Fantasia кинофестиваліне қатысады. Аталған кино байқауы тамыздың 5-і мен 25-і аралығында Канадада өтеді, деп хабарлады Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі.

Кинотуындыны Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша "Ұлттық киноны қолдау орталығы" КЕАҚ қолдауымен "Қазақфильм" АҚ түсірген.

"Мерген" фильмінің алғашқы көрсетілімі Fantasia кинофестивалі шеңберінде өтетініне өте қуанышытымыз. Монтаждау жұмыстары аяқтала салысымен фильмді байқауға ұсындық. Осы орайда маған қолдау білдіріп, фильмнің шығуына атсалысқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіргім келеді", – деді режиссер Райымбек Әлжанов.  

Фильмнің оқиғасы XVII ғасырдағы Ұлы даладағы соғыс кезінде өрбиді. Аталған фильмде жас та болса, қолына қару алып, отбасын қоғауға бел буған Мерген есімді баланың өмірі баяндалады.


Оқи отырыңыз: Режиссер Ақан Сатаев Қасым хан туралы "Ұлы дала таңы" фильмін қалай түсіріп жатыр? Фоторепортаж


Фильмдегі басты рөлді Әлихан Әби сомдайды. Сондай-ақ, бұл картинаға Райхан Айтқожанова және Дулыға Ақмолда сынды танымал актерлер түскен. Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы облысындағы Түрген шатқалында және "Қазақфильмнің" павильондарында жүргізілді.

Фото: Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ

Осымен жиырма бесінші рет өткізіліп жатқан Fantasia халықаралық кинофестивалі әлемдегі жанрлық фильмдерге арналған бірден бір байқау. Аталған кинофестиваль шеңберінде Квентин Тарантино түсірген "Бесславные ублюдки", Тимур Бекмамбетовтың "Ночной дозор", сондай-ақ "Пункт назначения" франшизасының бір бөлімінің тұсауы кесілген болатын.

Фестивальдің Radical spirit атты қысқаметражды фильмдерге арналған байқауына қазақстандық кинотуындымен бірге Ұлыбритания, Мексика, Австралия, АҚШ, Қытай және Оңтүстік Кореяның туындылары қатысады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары