Тікелей эфир

Қарағанды мен Ұлытау облыстарында зейнетке шыққан мыңдаған кенші өтемақы талап етуде

2015 жылы Азаматтық кодекске өзгеріс енгізіліп, өндірісте жүріп денсаулығынан айырылғандарға беріліп келген өтемақы төленбейтін болған.

Түрлі ауруға шалдығып қалған мыңдаған кенші өтемақы талап етуде. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында зейнетке шыққан мыңдаған кенші Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға осындай талап қойды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жер асты жұмыстарында түрлі ауруға шалдығып, мүгедек болып қалған азаматтар тиісті заңға өзгеріс енгізуді сұрайды. 2015 жылы Азаматтық кодекске өзгеріс енгізіліп, өндірісте жүріп денсаулығынан айырылғандарға беріліп келген өтемақы төленбейтін болған.

"Біздің жұмыс істеу ортамыз бірдей: бір рудникте жұмыс істедік. Маған Қарағандының мемлекеттік орталығының берген сараптамасының негізіндемесінде диагноз қойды. Жұмыс беруші де өзінің кінәсін 100% мойындап, актіге қол қойып отыр. Осы өтемақыны зейнет жасына шыққан соң ала алмай отырмыз", – деді зейнеткер Талқанбай Бөлтіріков.

Жалпы, бұл төлемнің сомасы жұмысшының алған жарақатының ауырлығына қарай берілген. Зейнеткерлермен қатар еңбекке жарамсыз болып қалған жастар да бар. Кеншілер Еңбек министрі Светлана Жақыповадан көмек сұрады.

"Құрметті Светлана Қабыкенова, 19 қараша күні Қарағанды қаласына барғанда Азаматтық кодекстің 944-бабы 1-тармағына қайтарылатынын айтып, уәде беріп кеттіңіз. Балқашта да солай айттыңыз. Енді қазір кімге сенеміз?", – деді зейнеткер Марғұлан Ағаділов.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда кеншілер зейнет демалысына ерте шығуы мүмкін


Ұлытау әкімдігінің мәліметінше, облыста үш мыңнан астам еңбекке жарамсыз жұмысшы бар. Оның 1089-ы заңға өзгеріс енгізгеннен кейін әлеуметтік төлемге ілікпей қалған.

"Өзгерістер енгізілгенге дейін еңбек ету қабілетінен айырылған қызметкерлер зейнеткерлікке шыққанына қарамастан өтемақы алады. 2015 жылдың 10 мамырынан кейін мүгедектік дәрежесін белгілеген 1089 жұмысшы зейнеткерлікке шыққанға дейін регрессивті төлемдер алады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін төлемдер тоқтайды", – деді Ұлытау облысының Еңбек инспекциясының маманы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Азаматтық кодекстің нормаларына өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

Серіктестер жаңалықтары