Тікелей эфир

"Кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ". Президент БҰҰ қажет не қажет емес екендігі туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын нығайту керек деген пікір айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Astana Think Tank форумында журналистер сұрақтарына жауап беру барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының қазіргі жағдайы туралы ойын жеткізді. Президенттің сөзінше, бүгінде БҰҰ орнын басатын басқа ұйым жоқ.

"Біріккен Ұлттар Ұйымына келетін болсақ, мен оны нығайту керек деген сенімдемін. Өйткені, оның орнын басатын ұйым жоқ. БҰҰ-да көптеген кемшілік болғанымен, бізде басқа балама жоқ. Сондықтан Қазақстан БҰҰ рөлін нығайту бойынша осындай ұстанымдағы барлық елмен ынтымақтаса беруге ниетті. Аймақтық державалар мен орта державалардың үні, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінде естілуге тиіс. Қауіпсіздік Кеңесі де реформаға мұқтаж. Өйткені ол, өкінішке қарай, тығырыққа тірелді. Ал одан шығудың жолын бәріміз бірлесіп табуымыз керек. Біз келесі жылы 80 жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетуіміз қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Ресей-Украина қақтығысы туралы: Соғыс қос тарапты да жойып тынады


Мемлекет басшысы, сондай-ақ, БҰҰ Жарғысын ұстану қажеттігін еске салды. 

"Біз әлем қазір де, болашақта да, ең алдымен, БҰҰ Жарғысында көрсетілген қағидаттарға негізделуге тиіс екеніне сенімдіміз. Біз БҰҰ Жарғысын ұстануымыз керек. Ешкімге оны бұзуға құқық берілмеген. Өйткені оның баламасы жоқ. БҰҰ Жарғысы – қазіргі халықаралық жүйенің тірегі. Бәлкім, БҰҰ-ның рөліне қатысты қандай да бір көңіл толмаушылық бар шығар, сын да айтылар. Бірақ бізге күш-жігер біріктіріп, соғыс, қақтығыс атаулыны тоқтатып, керісінше, диалог пен бейбітшілік жолына түсу қажет", – деді президент. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары