Құрық пен Баку порттары арасындағы теңіз жолаушылар қатынасын қайта жандандыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел мәлімдеді.
Елшінің айтуынша, мұндай ұсынысты Қазақстан тарапы жасаған.
"Қазақстан мен Әзербайжан Каспийдегі жолаушылар тасымалын қайта жандандырады. Әзербайжан тарапы Қазақстанның ұсынысын қолдағанына қуаныштымын. Қазір екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын тезірек қайта жандандыру бойынша жұмыс бастап кетті", – деді ол.
Бұл бағыттағы жолаушылар тасымалы 2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтатылған еді.
Дипломаттың айтуынша, қатынас тоқтағанға дейін Каспий теңізі арқылы жылына шамамен 1500 адам тасымалданған.
Бағыттың қайта ашылуы екі ел арасындағы туристік байланысты дамытуға және Каспий арқылы жолаушылар қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.